Петропавл маңындағы Есіл өзенінің деңгейі 10 сантиметрге төмендеді

Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Салаға жауапты қызметтердің мәліметінше, өңірдегі су нысандарындағы ахуал тұрақты бақылауда.
Өңірде ТЖМ-нің 28237 әскери бөлімінің күштері жұмылдырылған. Бөлімшелер Петропавл қаласында, Заречный кентінде және Қызылжар ауданының Бескөл ауылында жұмыс істеуде. Негізгі назар қорғаныс бөгеттерін нығайтуға және олардың шайылып кетуінің алдын алуға бағытталған.
Осылайша, Қызылжар ауданында және облыс орталығы маңында шамамен 29 мың қап дайындалып, оның 10,8 мыңы төселді. Бұдан бөлек, Есіл өзенінің тасқын суынан бөгеттерді қорғау үшін 2,5 мың метрге жуық полиэтилен жабыны төселген.
Сонымен қатар өзендер, көлдер мен су қоймалары бассейндеріне әуеден визуалды бақылау жүргізілуде. Бұл ықтимал қауіпті учаскелерді жедел анықтап, дер кезінде шара қабылдауға мүмкіндік береді.
«Қазгидромет» РМК-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының жаңартылған тәуліктік гидрологиялық бюллетеніне сәйкес, 21 сәуір күні сағат 20:00-дегі жағдай бойынша өңірдегі гидробекеттердің басым бөлігінде су деңгейінің біртіндеп төмендеуі байқалады.
Атап айтқанда, Петропавл қаласында Есіл өзенінің деңгейі 918 сантиметрді құрап, соңғы 12 сағатта 10 сантиметрге төмендеген. Осындай үрдіс Новоникольское ауылы маңында және Сосновый бор ауданында да тіркелген. Дегенмен кейбір гидробекеттерде Ақмола облысынан келетін су көлеміне байланысты деңгейдің аздаған көтерілуі байқалады.
Сергеев су қоймасының жағдайына да ерекше назар аударылуда. Соңғы мәліметтер бойынша, ондағы су деңгейі 888 сантиметрді құрап, 4 сантиметрге артқан. Қазіргі уақытта бөгет жиегінен су асып ағу жағдайы сақталып отыр. Су қоймасының толуы 115,4 пайызға жеткен.
Мамандардың айтуынша, жекелеген ауытқуларға қарамастан, Қызылжар және Есіл аудандарында жалпы су деңгейінің төмендеу үрдісі жалғасуда.
