Петропавл полицейлері абаттандыру және тәртіп ережелерін бұзған 2 мыңға жуық адамды жауапкершілікке тартты

Петропавл қаласында қалалық полиция басқармасының қызметкерлері абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылауды күшейтті. Бұл жұмыс «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүргізілуде, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Рейдтер барысында учаскелік инспекторлар бизнес нысандарына іргелес аумақтардың санитарлық жағдайын тексеруде. Мәселен, Жамбыл көшесіндегі бір ательенің жанынан қоқыс жәшігінің жоқтығы анықталып, соның салдарынан айналада бейберекетсіздік орын алған. Нысан иелерімен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, заңбұзушылықты жою мерзімі белгіленді. Тек 20 сәуір күні жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 15 құқық бұзушылық анықталды.
Жыл басынан бері облыс орталығында абаттандыру қағидаларын сақтамағаны үшін 1921 адам жауапкершілікке тартылды. Тәртіп сақшылары инфрақұрылымды бүлдіру немесе тазалық талаптарын бұзу үшін айыппұл қарастырылғанын еске салады. Жеке тұлғалар үшін айыппұл мөлшері 20 АЕК-ті (86 500 теңге) құраса, кәсіпкерлер үшін бұл сома бизнес санатына қарай 100 АЕК-ке дейін жетуі мүмкін. Полицейлер қала тұрғындары мен қонақтарын тазалықты сақтауға шақырып, көшедегі тәртіп – ортақ жауапкершілік екенін атап өтті.
