Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавл полицейлері «Қарасай» стадионында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы акция өткізді

Петропавл полицейлері «Қарасай» стадионында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы акция өткізді

May 18, 2026 20:00

Петропавлда полиция қызметкерлері «Қарасай» стадионы аумағында интерактивті алаң ұйымдастырды. Футбол матчы күні жанкүйерлер сүйікті командасына қолдау көрсетіп қана қоймай, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы акцияға да қатысуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Полицейлер профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді. Бұл жолы интерактивке қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілерін қаншалықты ажырата алатынын тексерді. Яғни, серіктестің әрекеті қамқорлық емес, бақылау мен психологиялық қысымға айналатын жағдайлар сөз болды.

«Кез келген адам кездейсоқ сұрақ таңдап, “бұл қалыпты жағдай ма, жоқ па?” деген сауалнамаға қатыса алды. Сондай-ақ қатысушыларға сенім телефондары жазылған символикалық қызыл карточкалар таратылды. Онда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің нөмірі — 8 (7152) 612-530, Отбасын қолдау орталығының “111” жедел желісі және “102” арнасы көрсетілген», — деді СҚО ПД ЖПҚБ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің басшысы Денис Денисов.

Жанара Қасымова да футбол матчын тамашалауға келген. Интерактивті аймақты көріп, профилактикалық акцияға қатысуды жөн көрген. Ол солтүстікқазақстандықтарды бейжай қалмауға және зорлық-зомбылық пен бұзақылық фактілері туралы міндетті түрде хабарлауға шақырды.

«Әр отбасында балалар өсіп келеді. Әр бала бақытты әрі тыныш ортада өмір сүруге лайық. Заманауи қоғам ретінде біз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы болуымыз керек. Егер адамдар осындай жағдайлардың куәсі болса, бұл туралы міндетті түрде хабарлаған жөн», — деді ол.

Акцияға шамамен 125 адам қатысты. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл өңірде отбасындағы құқыққа қарсы әрекеттердің 1200-ден астам дерегі тіркелген. Тәртіп сақшылары 1044 қорғау нұсқамасын шығарып, соттар 574 құқық бұзушыға ерекше мінез-құлық талаптарын белгілеген. Жалпы саны 28 қылмыстық іс қозғалған.

Shares