Алаяқтар Жаңа жылдық ашықхаттар мен «ортақ фотолар» арқылы ақшаны қалай ұрлайды

Жаңа жыл қарсаңында алаяқтар вирусты құттықтау ашықхаттарын жаппай тарата бастайды. Мұндай хабарламаларда жеке деректерді ұрлауға немесе бөгде құрылғыға қол жеткізуге мүмкіндік беретін зиянды код болуы мүмкін, деп хабарлайды QZ NEWS NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
Алаяқтар жиі жәбірленушілердің құрылғыларына қол жеткізу үшін зиянды бағдарламаларды қолданады. Көбінесе олар фишингтік сайттарға апаратын сілтемелерді пайдаланып, сол арқылы құпия ақпаратты ұрлайды.
Алайда Жаңа жыл қарсаңында олар алдаудың анағұрлым айлалы әдістеріне көшті. «РИА Новости» мәліметінше, алаяқтар құрбандарына жаңа жылдық ашықхаттарды белсенді түрде жібере бастаған. Мұндай құттықтаулардың ішінде зиянды код жасырын тұрады.
Құттықтау суретін, анимацияны немесе бейнені ашу арқылы пайдаланушы вирусты іске қосады, ол кейін құрылғыға, тіпті банк қосымшаларына, құпиясөздерге немесе жеке ақпаратқа қол жеткізе алады. Бұл елеулі қаржылық шығын қаупін тудырады.
Мұндай ашықхаттар әрдайым шынайы көрінеді. Алаяқтар оларды жай ғана жібермей, алдын ала мұқият дайындалады: таныс адамдардың аккаунттарының көшірмесін жасайды, аватарларын қолданады немесе тіпті профилін бұзады.
Сонымен қатар алаяқтар адамдардың сағыныш сезімін пайдалануы мүмкін. «РИА Новости» дерегінше, олар «Суретке қарап, сені еске алдым» сияқты жазулармен сілтемелер жібереді. Бірақ суретке апаруы тиіс бұл сілтеме шын мәнінде фишингтік болып, құрылғыны вирус жұқтырады.
Осыдан кейін қаскүнем смартфонға толық қол жеткізеді: SMS хабарламаларды ұстап қалып, жібере алады, қаржылық операциялар туралы деректерді жинап, нәтижесінде банк шоттарынан ақша ұрлайды.
Қазақстандықтарға мұндай жағдайларда барынша сақ болу қажет. Тіпті таныстар жіберген болса да, күмәнді сілтемелерге ешқашан өтпеу керек. Кез келген суретті, ашықхат пен бейнеқұттықтауды ашпас бұрын, оның шынымен сол адамнан келгенін тексеру маңызды.
Алаяқтар ұрлаған ақшаны қайтару өте қиын екенін түсіну қажет. Мысалы, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында алаяқтар қазақстандықтарды 25 млрд теңгеге алдап соққан, алайда осы соманың небәрі 4%-ын ғана қайтару мүмкін болған.
Сондай-ақ, бұған дейін қаскүнемдердің қазақстандықтардан орта есеппен 3 млн теңгеден ұрлайтыны белгілі болды.
Еске саламыз, алаяқтар азаматтардың ақшасын алдау арқылы иемденудің жаңа тәсілдерін үнемі жетілдіріп келеді. Мысалы, кейбір жағдайларда олар «инвестициядан табыс табуға» үгіттеп, ақшаны «картада уақытша сақтауды» сұрайды.
