Петропавл қаласында пробациялық бақылауда тұрған тұлғаларға арналған «Құқық векторы» ауқымды консультациясы өтті

Петропавл қалалық Мәдениет үйінде «Құқық векторы» атты консультациялық кездесу ұйымдастырылды. 500-ден астам адам қатысқан іс-шара «Заң және тәртіп» жалпыұлттық идеологемасын іске асыру аясында өтті, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Қала прокуроры Ғалымжан Әубәкіровтің айтуынша, акцияның негізгі мақсаты – сотталғандарды қоғамға бейімдеу, қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу және заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыру.
«Сотталғандарға өмірлік маңызы бар мәселелер бойынша жедел әрі сапалы түсіндіру қызметтері көрсетіледі. Біз әрбір сотталғанның түзелу жолына түсіп, еңбек пен қоғамда өзін табуына мүдделіміз. Мұнда бас бостандығы шектелгендер, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар, белгілі бір қызмет түрлерімен айналысуына тыйым салынғандар және өзге де тұлғалар бар. Қазіргі таңда пробация қызметінде шамамен 320 адам, ал жергілікті полиция қызметінде шамамен 140 адам есепте тұр», – деді Ғалымжан Әубәкіров.
Бір алаңда прокуратура, полиция, әкімдік, банк өкілдері және «Даму» қорының мамандары бас қосты. Петропавл қаласының пробация қызметі бөлімшесі басшысының орынбасары Мадина Елжасова сотталғандардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру де аса маңызды екенін атап өтті.
«Акция барысында құқық саласының мамандары мен пробация қызметінің өкілдері әлеуметтік төлемдерді алу тәртібін, жұмысқа орналасу мәселелерін, медициналық қызмет көрсету шарттарын, сондай-ақ пробациялық бақылау талаптарын бұзғаны үшін көзделген жауапкершілікті түсіндірді. Ашық диалогқа ерекше көңіл бөлінді: әрбір сотталған өзіне қызықты сұрақты қойып, білікті, түсінікті әрі қолжетімді жауап алу мүмкіндігіне ие болды», – деп бөлісті Мадина Елжасова.
Қаржылық қолдау блогы ерекше қызығушылық тудырды. «Даму» қоры директорының орынбасары Серікбек Саржан мемлекет тарапынан жаңадан бастаған кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау тетіктері туралы жан-жақты баяндады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер заңға құрметпен қарауды қалыптастыруға және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.
Адамның тұрақты жұмысы, өз құқықтарын білуі және жеке ісін ашуға мүмкіндігі болған жағдайда, қылмыстық жолға қайта оралу қаупі барынша азаяды.
