Петропавл қаласында «Таза Қазақстан» аясында «Шырша жануарларға көмектеседі» акциясы басталды

Республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Петропавл қаласында «Шырша жануарларға көмектеседі» атты экологиялық бастама іске қосылды. Акцияның негізгі мақсаты – қылқан жапырақты ағаштарды дұрыс кәдеге жарату және қыс мезгілінде орман қорын қолдау, деп хабарлайды QZ NEWS.
Қаланың ТҮКШ бөлімі мәлімдегендей, жиналған барлық шыршалар «Қызылжар орман шаруашылығы» (Теплов орманшылығы) мекемесіне жіберіледі. Онда шырша жануарлар үшін құнды дәрумені бар азық ретінде пайдаланылады.
«2026 жылғы 20 қаңтарда жаңа жылдық шыршаларды орталықтандырылған түрде шығару ұйымдастырылады. Осыған байланысты тұрғындардан шыршаларды алдын ала жаңа жылдық әшекейлерден тазартып, қоқыс контейнерлерінің жанына жинап қоюды сұраймыз», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ тұрғындар шыршаларын көрсетілген мекенжайға өз бетінше жеткізе алады.
«Белгіленген мерзімде шыршаларды шығаруларыңызды сұраймыз. 20 қаңтардан кейін абаттандыру ережелерін сақтамаған тұлғаларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылады», – деп қосты бөлімде.
