Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавл қаласының бұрынғы әкімі Болат Жұмабеков Ұлытау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды

Петропавл қаласының бұрынғы әкімі Болат Жұмабеков Ұлытау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды

June 18, 2026 15:12

Солтүстік Қазақстанның танымал мемлекеттік қайраткері Болат Жұмабеков жаңа қызметке тағайындалды. Ол Ұлытау облысы әкімінің орынбасары лауазымын иеленді, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Болат Серікұлы 1972 жылы дүниеге келген. Жоғары білімді маман. Ақмола ауыл шаруашылығы институтын және М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті тәмамдаған. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистрі.

Болат Жұмабековтің еңбек жолының басым бөлігі Солтүстік Қазақстан облысымен байланысты. Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 1997 жылы Тимирязев ауданы әкімі аппаратының бас маманы қызметінен бастаған. Әр жылдары ауыл шаруашылығы бөлімін басқарды, Тимирязев, Қызылжар және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың әкімі болды.

Облыстық деңгейде СҚО әкімі аппаратының басшысы және облыс әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. 2012 жылдан 2022 жылға дейін (үзіліспен) Петропавл қаласының әкімі болып жұмыс істеді.

Коммерциялық құрылымдардағы қызметінен кейін 2024 жылдан бастап осы тағайындауға дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ҚазАгроЭксперт АҚ басқармасының төрағасы қызметін атқарған.

Ұлытау облысындағы жаңа қызметінде бұрынғы Петропавл әкімі ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, табиғи ресурстар мен табиғат пайдалану, сондай-ақ ветеринария салаларына жетекшілік ететін болады.

Shares