Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавл соты қала тұрғынын заңсыз салынған сарай мен кіреберісті бұзуға міндеттеді

Петропавл соты қала тұрғынын заңсыз салынған сарай мен кіреберісті бұзуға міндеттеді

January 8, 2026 10:24

Петропавл қаласының №2 соты жеке тұрғын үйлердің иелері арасындағы ұзаққа созылған дауға нүкте қойды. Даудың негізгі себебі құрылыс нормаларының бұзылуы, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Сот талқылауы барысында анықталғандай, меншік иелерінің бірі көршілерінің келісімінсіз құрылыстарды өзге учаскеге тым жақын салған. Соның салдарынан көрші үйдің бөлмелері қараңғыланып, тұрғындарға келеңсіздік тудырған.

Сот көршілес учаскелер арасындағы қоршаудың биіктігі рұқсат етілген нормадан асып кеткенін, сарай мен кіреберістің нормативтік талаптарды (көрші үйге дейінгі қашықтық пен өртке қарсы арақашықтықты) бұза отырып салынғанын анықтады. Құрылыстар арасындағы өртке қарсы арақашықтық іс жүзінде 2,6 метрді құраған, ал қолданыстағы норматив бойынша ол кемінде 15 метр болуы тиіс. Рұқсат беру құжаттары болғанына қарамастан, салынған нысандар белгіленген талаптарға сәйкес келмейді.

Сот құрылыстарды қабылдау актілерін жарамсыз деп танып, жауапкерді сарай мен кіреберісті бұзуға, ал қоршауды талапқа сай келтіруге міндеттеді.

“Сонымен қатар сот тұрғын үйге қатысты талап қоюшының қабылдау актісін заңсыз деп тану және ғимаратты бұзу туралы талабын қанағаттандырудан бас тартты. Бұған нысанның іс жүзінде техникалық қызмет көрсету станциясы ретінде пайдаланылып отырғаны дәлелденбегені және жауапкердің жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегені себеп болды. Сондай-ақ сот коммерциялық мақсатта пайдалану заңдылығы мәселелері уәкілетті мемлекеттік органдар арқылы шешілуі тиіс екенін атап өтті. Сот шешімі заңды күшіне енді, — делінген сот хабарламасында.

Shares