Петропавл студенттері интеллектуалдық ойында Ата заң бойынша білімдерін сынады

Петропавлда Б. Әшімов атындағы машина жасау және көлік колледжі студенттері Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздеріне арналған «КонститУм» интеллектуалдық ойынына қатысты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Іс-шара «Заң және тәртіп» республикалық идеологемасы аясында өтті. Викторинаны СҚО ІСБ Қоғамдық даму және ақпарат орталығы мамандары ұйымдастырды.
Кездесудің басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру және студенттерді конституциялық құндылықтар, азаматтардың құқықтары мен міндеттері тақырыбындағы талқылауларға тарту болды. Қатысушылар тек білімдерін тексеріп қана қоймай, Конституцияның қоғам өміріндегі және құқықтық мемлекетті нығайтудағы рөлі туралы ой бөлісті.
Интеллектуалдық сайысқа әрқайсысы бес адамнан құралған үш команда қатысты. Студенттер тақырыптық тапсырмаларды орындап, мемлекеттік құрылым, әділдік қағидаттары мен заңнама нормаларына қатысты сұрақтарға жауап берді. Ойыншыларға қолдау көрсетуге олардың курстастары келіп, іс-шараға елуден астам жас жиналды.
СҚО ІСБ Қоғамдық даму және ақпарат орталығы маманы Оксана Гончаренконың айтуынша, мұндай кездесулер жастарға заңның маңызын және азаматтық жауапкершілікті тереңірек түсінуге көмектеседі. Қатысушылар «интерактивті әрі командалық форматта Конституция, мемлекеттік құндылықтар және құқықтық мемлекет қағидаттары жөніндегі білімдерін көрсете алды».
Студенттер өздерінің эрудициясын, логикалық ойлау қабілетін және командамен жұмыс істеу дағдыларын танытты. Ойын қорытындысы бойынша «Парламент» командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды «Движение свободы» командасы иеленсе, үшінші орын «Правоведы» командасына бұйырды. Жеңімпаз команданың капитаны Артур Гизатуллин ойынның қызықты әрі достық атмосферада өткенін айтты.
«Қызықты болды әрі аса қиын емес екен. Арнайы дайындалған жоқпыз, бірақ командамызда Конституцияны жақсы білетін мықты жігіттер болды», — деді студент.
Интеллектуалдық викторинаның барлық қатысушылары дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
