Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавл тұрғыны МӘМС жүйесінің арқасында дертінен айықты

Петропавл тұрғыны МӘМС жүйесінің арқасында дертінен айықты

May 21, 2026 10:00

Петропавл қаласындағы Көпбейінді жедел медициналық жәрдем ауруханасына жоспарлы түрде 64 жастағы пациент жеткізілді. Әйел адам оң жақ қабырға астындағы мезгіл-мезгіл мазалайтын жайсыздыққа, ауырлық сезіміне, жүрек айнуына және ауыздағы ащы дәмге шағымданған, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Медициналық ұйымның мәліметінше, қала тұрғынынан өт-тас ауруы алғаш рет 2022 жылы анықталған. Кейін ол бірнеше рет жедел панкреатитке байланысты ем қабылдаған. Емхана хирургының қосымша тексеруінен кейін ауру ошағын жою және ықтимал асқынулардың алдын алу мақсатында пациентке ота жасау туралы шешім қабылданды.

– Пациентке аз инвазивті әдіспен лапароскопиялық холецистэктомия жасалды. Дәрігерлер іш қуысына жасалған шағын тіліктер арқылы өт қабын мұқият бөліп алып, оның өзегі мен қан тамырларын арнайы қысқыштармен бекіткеннен кейін ағзаны алып тастады. Операция барысында өт қабының ішінде көптеген тастар анықталды. Бұл тас түзілуінің негізгі көзін жойып, қабыну үдерістерінің және панкреатит ұстамаларының алдын алуға мүмкіндік берді. Отадан кейінгі кезеңді бақылау үшін хирургтер дренаж орнатты, – делінген аурухана хабарламасында.

Операцияны тәжірибелі мамандар тобы жүргізді. Оның құрамында хирургтер Виталий Шилкин мен Александр Кочнев, анестезиолог Юлия Кипень және операциялық мейіргер Татьяна Демисинова болды.

Айта кетейік, пациент жеңілдік санатына жатады және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сақтандырылған. Жоғары технологиялық хирургиялық ота мен кейінгі оңалту шаралары медициналық сақтандыру аясында толықтай тегін жүргізілді.

Отадан кейінгі кезең асқынусыз өтті. Науқастың жағдайы тұрақты болып, хирургиялық араласудан кейін төртінші күні үйіне шығарылды. Дәрігерлер оған амбулаториялық бақылауды жалғастыру бойынша тиісті ұсынымдар берді.

Shares