Петропавл жастары СҚО-ның сынақ экологиялық зертханасының жұмысымен танысты

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні Петропавлда табиғатты аялаудың маңыздылығы туралы айтумен ғана шектелмей, тәжірибелік іс-шаралармен де атап өтілді, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Жастар үшін Экология департаментінің сынақ зертханасына экскурсия мен экологиялық әдеттерді қалыптастыруға арналған интерактивті алаңды біріктірген «Жасыл бағыт: экологиялық қалаға жол» атты экологиялық акция ұйымдастырылды.
Акцияға қатысушылар қоршаған ортаның жай-күйін мамандардың қалай бақылап отырғанын өз көздерімен көруге мүмкіндік алды. Экология департаментінің сынақ зертханасында оларға атмосфералық ауа, су сапасы және радиациялық фон мониторингі туралы айтылып, заманауи құрал-жабдықтардың жұмысы көрсетілді.
Департаменттің бас маманы Игорь Гахтың айтуынша, зертханада кең ауқымды зерттеулер жүргізіледі.
– Біздің сынақ зертханасында түрлі зерттеулер өткізіледі: атмосфералық ауаның сапасын, судың жай-күйін және радиациялық фон деңгейін бақылаймыз. Біздің міндетіміз – қоршаған ортаның жағдайын қадағалап қана қоймай, жастардың экологиялық санасын арттыру, – деді ол.
Зертхана қызметкерлері жастарға ауадағы ластаушы заттардың концентрациясын анықтайтын құралдарды көрсетті. Қонақтар азот оксиді мен диоксидінің, күкіртсутектің және басқа да заттардың мөлшерін қалай өлшейтінін, сондай-ақ көшпелі зерттеулердің қалай жүргізілетінін білді. Экологтардың түсіндіруінше, мониторинг жыл сайынғы жоспарға сәйкес жүргізіледі, ал тұрғындардың өтініштері мен шағымдары негізінде қосымша өлшеулер жасалады.
Кездесу тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мен экологиялық әдеттерге арналған танымдық экологиялық алаңда жалғасты. СҚО әкімдігінің Қоғамдық даму және ақпарат орталығының жастармен жұмыс секторының нұсқаушысы Оксана Гончаренко табиғатқа қамқорлық күнделікті қарапайым әрекеттерден басталатынын атап өтті.
– Біз қоршаған ортаға ұқыпты қарау туралы айтып, қалдықтарды сұрыптауды және экологиялық әдеттерді насихаттаймыз. Бұл – пластик пакеттердің орнына экосөмкелерді пайдалану, суды үнемдеу, көп рет қолданылатын бөтелкелерді қолдану және артық пластиктен бас тарту. Әрбір адамның шағын болып көрінетін әрекеттері өңіріміздің болашағы мен тазалығын қалыптастырады, – деді ол.
Акцияға студенттер, еріктілер және NEET санатындағы жастар қатысты.
Өз тәжірибесімен №32 орта мектептің оқушысы Юлия Конина бөлісті.
– Мен экологиялық акциялар мен сенбіліктерге жиі қатысамын. Күнделікті өмірде де пайдалы әдеттерді ұстануға тырысамын: суды үнемдеймін, қоқысты тек арнайы орындарға тастаймын және қоршаған ортаға ұқыпты қараймын, – деді мектеп оқушысы.
Қатысушылар экология тақырыбындағы конкурстар мен викториналарда логикасын, зейінін және білімдерін сынады. Петропавл қалалық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Дамир Абдиннің айтуынша, экологиялық күн таңертеңнен бастап Есіл өзенінің жағалауын тазалау жұмыстарымен басталған.
