Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавл ЖЭО-2 шығарындылары шамамен 4 есе азайды

Петропавл ЖЭО-2 шығарындылары шамамен 4 есе азайды

May 13, 2026 13:15

Петропавл қаласындағы ЖЭО-2 шығарындылары 3–4 есе азайған. Мұндай қорытынды автоматтандырылған мониторинг жүйесінің деректері негізінде жасалды. QZ News тілшісіне АМС жүйесінің қалай жұмыс істейтіні және оның өңірдегі экологиялық жағдайды қалай бақылауға мүмкіндік беретіні көрсетіліп, түсіндірілді.

Автоматтандырылған мониторинг жүйесі — датчиктер мен бақылау жиынтығы. Ол бір жылдан астам уақыт бойы Петропавл ЖЭО-2 мұржаларына, сондай-ақ Есіл өзеніне ағызылатын су нүктесіне орнатылған.

Датчиктер азот оксиді мен диоксиді, көміртек оксиді, күкірт диоксиді, шаң-тозаң деңгейін, сондай-ақ газ-ауа қоспасының ағынын, көлемін, температурасын, оттегі мөлшерін, қысым мен салыстырмалы ылғалдылықты бақылайды. Ал су ағызу нүктесінде жүйе су көлемін, сутегі көрсеткішін (pH), электр өткізгіштікті, лайлылық пен температураны тіркейді.

Жүйе көрсеткендей, ЖЭО-2 шығарындылары нормативтік көрсеткіштерден орта есеппен 3,5 есе төмен.

«Мысал ретінде алсақ, бірінші мұржада күкірт диоксиді бойынша норматив 4194 мг/нм³ болса, 2025 жылғы орташа нақты көрсеткіш 1186 мг/нм³ болды», — деді «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ қоршаған ортаны қорғау басқармасының басшысы Николай Максимов.

Кәсіпорын аумағында арнайы газ талдау жабдығы орнатылған, онда көрсеткіштер өлшеніп, есептеледі. Мұржадағы арнайы сынама алу датчиктері арқылы ауа үлгісі құрылғыға жеткізіліп, бірден газдық талдау жасалады.

Әр 20 минут сайын ақпарат автоматты түрде мемлекеттік органдарға — Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстар жағдайы жөніндегі ұлттық деректер банкіне жіберіледі. Сондықтан шығарындылар туралы мәліметтер ашық әрі қолжетімді, олар 5 жыл бойы сақталады.

Сондай-ақ көрсеткіштер нормадан асқан жағдайда қандай әрекет жасалатыны түсіндірілді.

«Егер АМС жүйесі нормадан асуды тіркес, кәсіпорынға ақпараттық хат жолданады, онда олар себептерін түсіндіруге міндетті. Ал егер жүйе рұқсатсыз өшірілсе, жоспардан тыс тексеріс жүргізіледі», — деді СҚО экология департаменті зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің басшысы Дамир Жұмабаев.

«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ қоғамдық байланыс бөлімі хабарлағандай, мұндай жүйені енгізу кезеңдік өлшеуден үздіксіз объективті бақылауға көшуге мүмкіндік берді. Бұл экологиялық жағдайды неғұрлым сапалы әрі жедел бақылауға жол ашты.

Shares