Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда 16 жастағы мектеп оқушысынан туберкулездің ашық түрі анықталды

Петропавлда 16 жастағы мектеп оқушысынан туберкулездің ашық түрі анықталды

July 31, 2026 16:29
 

Петропавл қаласында 16 жастағы мектеп оқушысынан туберкулездің ашық түрі (МБТ+) анықталды. Ауру флюорографиялық тексеру барысында белгілі болған. Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары науқаспен байланыста болған адамдарды тексеріп, инфекцияның әрі қарай таралуына жол бермеу шараларын жүргізуде, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, туберкулез жағдайы тіркелгені туралы шұғыл хабарлама 14 шілде күні түскен. Қазіргі таңда жасөспірім облыстық фтизиопульмонология орталығында арнайы ем қабылдап жатыр.

«Басқарма өз құзыреті шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларды бастады. Ауру ошағында қорытынды дезинфекция жүргізілді. Байланыста болған адамдар тексерілуде. Сонымен қатар науқас тіркелген және ауру анықталған медициналық ұйымдарға қатысты эпидемиологиялық тексеру жүргізілуде», – деп хабарлады мамандар.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында облыста туберкулезбен сырқаттанушылық деңгейі 20 пайызға төмендеген. Осы кезеңде 68 жағдай тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17 жағдайға аз. Ауру жұқтырғандардың тек үшеуі ғана кәмелетке толмағандар екені атап өтілді.

Shares