Петропавлда 19 жастағы есірткі таратушы ұсталды

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері синтетикалық есірткі заттарын таратты деген күдікпен Петропавл қаласының 19 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлайды QZ NEWS.
Жеке тінту барысында жас жігіттен ұнтақ тәрізді зат салынған 19 орам табылып, тәркіленді. Тағайындалған сараптама қорытындысы тәркіленген заттың аса қауіпті психотроптық зат — жалпы салмағы 35 грамм болатын α-PVP екенін растады. Бұл көлем заңнамаға сәйкес аса ірі мөлшер ретінде бағаланады.
Тергеудің алдын ала мәліметтеріне сәйкес, ұсталған азамат заңсыз интернет-дүкендердің бірінде жасырын есрткі таратушы болып бір айға жуық жұмыс істеген. Қылмыстық әрекетінің мерзімі қысқа болғанына қарамастан, оның салдары жас жігіт үшін өте ауыр болмақ.
Қазіргі уақытта ол қамауда отыр. Аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өткізгені үшін оған 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр.
