Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда алғаш рет климаттық тұрақтылыққа арналған шешімдер іздеуге бағытталған Urbathon өтті

Петропавлда алғаш рет климаттық тұрақтылыққа арналған шешімдер іздеуге бағытталған Urbathon өтті

December 1, 2025 19:31

Петропавлда алғаш рет қаланың климаттық және табиғи тәуекелдерге тұрақтылығын арттыруға, сондай-ақ қалалық ортаны жақсартуға бағытталған Urbathon пилоттық жобалар байқауы өтті, деп хабарлайды QZ NEWS.

Іс-шараны БҰҰ-ның Даму бағдарламасы Қазақстандағы өкілдігі, Qyzyljar Creative Center, SKO Hub және облыс пен қала әкімдіктері ұйымдастырды. СҚО цифрландыру басқармасының басшысы Азамат Байтеміровтың айтуынша, Urbathon қатысушыларының міндеті – қаланы қолайлы, қауіпсіз және климаттық сын-қатерлерге төзімді ететін тиімді идеялар мен шешімдер ұсыну.

«Urbathon-ның құндылығы – әртүрлі бағыттағы мамандарды біріктіріп, идеяларды тек талқылап қана қоймай, оларды іске асыруға мүмкіндік беруінде. Петропавл қазір үлкен трансформация кезеңінде тұр. Инфрақұрылым, энергия тиімділігі, қалалық қауіпсіздік және цифрлық сервистер бойынша жаңа тәсілдер қажет. Біз әңгімеден практикалық қадамдарға өте бастадық», – деді Азамат Байтеміров.

Қала әкімінің орынбасары Қалия Төренова Urbathon жастарды – «қозғаушы күшті» – біріктіргенін атап өтті.

«Сіздер сыртқы келбетіңізбен ғана емес, ішкі жан дүниеңізбен де сұлусыздар. Бұл конкурс сіздердің әлеуеттеріңізді ашуға негіз болады деп ойлаймын. Бүгін біз қала жөнінде айтып отырмыз, бірақ осы байқауда ұсынатын идеяларыңыз бен шешімдеріңіз ертең де жүзеге асып, нәтиже береді. Тіпті өңірден, елден асып, әлемдік деңгейге шығуға да мүмкіндік туады», – деді ол.

Urbathon-ды Петропавлда өткізудің де себебі бар. БҰҰДБ жобасының менеджері Құралай Сейталина атап өткендей, СҚО өңірдің тұрақтылығын арттыру және климаттық өзгерістерге бейімделу бағытында БҰҰДБ мен бірнеше салада тығыз жұмыс істеп келеді.

«Естеріңізде болса, 2024 жылы Қазақстанда ауқымды су тасқындары болды, оған сіздердің өңір де ұшырады. Климаттық өзгерістерге байланысты мұндай жағдайлар жиілей береді деп ойлаймыз. Су тасқындарының негізгі себебі – климаттың шектен тыс құбылыстары. Солтүстік Қазақстан облысы тасқынмен күресте ұйымшылдық пен үйлесімділікті көрсетті. Сондықтан қалалардың апат тәуекелдеріне тұрақтылығын арттыруға бағытталған өңірлік жобамызда Петропавл пилоттық қала ретінде таңдалды», – деді ол.

Байқауға студенттер, мамандар және белсенді қала тұрғындары қатысты. Барлығы 40 команда, оның ішінде Қазақстанның басқа өңірлерінен келген 7 команда да бар. Инженерлік, цифрлық, білім беру және креативті бағыттағы жобалар қабылданды.

Екі күндік қорытынды бойынша:

I орын – Synapz ( Petropavl НЗМ) командасы, FWS – Flood Warning System жобасы. Бұл су деңгейін бақылап, қауіпті көрсеткіштер анықталғанда хабарлама жіберетін, инфрақұрылымға келетін шығынды азайтуға көмектесетін ақылды автоматтандырылған жүйе.

II орын – KazP (NIS Petropavl) командасы, Urbio жобасы. Бұл – қала тұрғындарының денсаулығы мен қауіпсіздігін бақылауға арналған цифрлық IoT-платформа. Онда MQ-135 ауа сапасы датчиктері мен жарықтандыруды бақылауға арналған фоторезисторлар қолданылады.

III орын – EcoStars (Kozybayev University) командасы, «Жасыл Мектеп» жобасы. Бұл экологиялық бастама мектептерде мини-экожүйелер құру арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және оқу ортасын жақсартуға бағытталған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Urbathon қала тұрғындарының ұсыныстарын нақты іске асатын жобаларға айналдырып, Петропавлдың келбеті мен өмір салтын өзгертуге мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.

Shares