Петропавлда балаларға құрт-құмырсқа аралас тамақ берілгеннен кейін мектеп директоры қызметінен босатылды

Солтүстік Қазақстан облысында Ғауез Нұрмұхамбетовтың жеке тапсырмасымен мектептегі тамақтануды ұйымдастыруға қатысты кең ауқымды тексерістер басталды. Аймақтағы білім беру мекемелерінде ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп жатыр, ал әрбір мектепте директордың төрағалығымен ата-аналар міндетті түрде қатысатын бракераждық комиссиялар құрылды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Тексерістердің алғашқы нәтижелері бірқатар маңызды кадрлық шешімдерге алып келді.
«Бақылаудың дұрыс жүргізілмеуіне байланысты Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының директоры қызметінен босатылды. Оқушыларды тамақтандыру қызметін көрсеткен кәсіпкермен келісімшартты бұзу процедурасы басталды. Жақын уақытта мектеп асханасына қызмет көрсету бойынша жаңа конкурс жарияланатын болады», – делінген СҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Жағдай облыс әкімінің жеке бақылауында.
Еске сала кетсек, Петропавлда ата-аналар қазақ мектеп-гимназиясы асханасындағы тамақтың сапасына наразы болған еді. Inform.kz хабарлағандай, оқушылардың ата-аналары Солтүстік Қазақстан облысының білім басқармасына хат жолдап, кәсіпкерді ауыстыруды талап еткен. Олардың айтуынша, асханада берілетін тамақ өте нашар, балалар ішпейді, үйлеріне аш қайтады.
«Асханада тарақандар өріп жүр, санитарлық-гигиеналық талаптар сақталмайды. Тамақ сапасыз өнімдерден дайындалады, піспеген, дәмсіз, балалар көбіне тағамдарды сол күйі қайтарып береді. 1 және 3 сыныпта оқитын балаларым тамақтың нашар екенін айтып, тек шай ішіп, нан жейтіндерін айтады», — деген еді петропавлдық тұрғын Жазира Закирьянова.
Ата-аналардың айтуынша, олар кәсіпкермен бірнеше рет кездесіп, бұзушылықтарды жоюды сұраған.
