Петропавлда еріктілер Ғабит Мүсірепов ескерткішін ретке келтірді

Қалалық Жастар ресурстық орталығының белсенділері экологиялық акция ұйымдастырып, ол қаладағы маңызды мәдени нысандарды қамтыды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Акцияға қатысушылар Ғабит Мүсірепов ескерткішінің маңын тазалап, аумақты қоқыстан, қардан арылтып, қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлді.
«Бізде экологиялық, тіпті қайырымдылық сипаттағы акция өтіп жатыр деуге болады. Ескерткіштердің айналасын тазалап жатырмыз. Қазіргі таңда бұл – Ғабит Мүсірепов пен Шоқан Уәлиханов ескерткіштері. Жастармен бірге жиналып, оларды қоқыс пен қардан тазартуды қолға алдық. Қала тұрғындары балаларымен, достарымен таза жерде серуендесе деген ниетіміз бар», – деді орталық басшысы Дамир Абдин.
Оның айтуынша, мұндай бастамалар жастар мен қала тұрғындарының қоршаған ортаға және мәдени мұраға деген ұқыпты көзқарасын қалыптастыруға бағытталған. Әсіресе патриоттық және экологиялық тәрбиеге, азаматтық жауапкершілікті дамытуға басымдық беріледі.
Бұл бағыттағы жұмыстар орталықта жүйелі түрде жүргізіледі.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қоғамдық орындар мен аулаларды тазалау сенбіліктерімен қатар, түрлі спорттық-экологиялық шаралар, флешмобтар мен тақырыптық акциялар ұйымдастырылады.
Жыл басынан бері осындай 56 іс-шара өткізілген. Қалалық кеңістіктерді абаттандырумен қатар, еріктілер әлеуметтік осал топтарға да көмек көрсетуде. Сенбілік күні белсенділердің бір бөлігі Лазутин көшесі, 56 мекенжайына барып, жалғызілікті зейнеткерлердің ауласын тазалауға жәрдемдесті.
Экологиялық акцияға онға жуық ерікті қатысты. Олардың қатарында «Жанымызда көмек» қозғалысының өкілдері де бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәл осындай бастамалардың қозғаушы күші – белсенді жастар, олар қоғамдық маңызы бар жобаларға үнемі атсалысып келеді.
