Петропавлда кавалеристер боранда жоғалған жылқыларды тапты

Петропавл қаласының маңында патрульдік полиция батальонының кавалериялық взвод қызметкерлері қатысқан іздестіру операциясы сәтті аяқталды. Техникамен өту мүмкін болмаған жерге қызметтік жылқылар көмекке келді, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Оқиға желтоқсан айының соңында болды. Солнечный кентіндегі қорадан екі айғыр қашып кеткен. Қатты боран жағдайында іздеу нағыз сынаққа айналды: жануарлардың іздері Киштибиш көліне қарай бағыт алып, қар астында қайта-қайта жоғалып отырған.
Жаяу да, патрульдік автокөлікпен де қалың қар үйінділерінен өту мүмкін емес екенін түсінген соң, іске полиция кавалеристері қосылды. Көріну деңгейі төмен жағдайда үш сағатқа созылған іздеуден кейін жоғалған жануарлар Березовка ауылының маңынан табылды. Кешқұрым жылқылар иесіне аман-есен жеткізілді.
