Петропавлда өрт сөндіру роботы ірі цехты оттан аман алып қалуға көмектесті

Петропавлдың өндірістік аймағында күнбағыс майын өндіретін кәсіпорында ірі өрт шықты. Жалын цех ішінен тұтанып, санаулы минуттар ішінде шатырға таралып, жалпы аумағы шамамен 2000 шаршы метрді құрайтын өндірістік кешенге айтарлықтай қауіп төндірді, деп хабарлайды QZ NEWS.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл құтқару операциясының ерекшелігі – өрт сөндіру роботын қолдану болды. Роботтандырылған техниканы пайдалану өрт сөндірушілерге шатырдың опырылу немесе жабдықтардың жарылу қаупі бар ең қауіпті учаскелерде жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, жеке құрамның өміріне төнетін қатерді азайтты.
«Өрт 150 шаршы метр аумақта оқшауланып, толықтай сөндірілді. Үйлесімді әрекет пен арнайы техниканы қолданудың арқасында аумағы 2000 шаршы метр болатын негізгі ғимаратты сақтап қалу мүмкін болды. Оттың қойма бөлмелері мен құю желілеріне таралуына толықтай жол берілмеді», – делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта оқиға орнында анықтаушылар жұмыс істеп жатыр, олар өрттің нақты шығу себептерін анықтайды.
