Петропавлда өтетін Наурыз мейрамында «Этнос тобы» мен «Адай» триосы өнер көрсетеді

Биыл Петропавлда Наурыз мейрамын тойлау өңір тарихында алғаш рет технологиялық форматта өтпек. Мерекелік шаралар Қазақстан Конституциясы көшесінің бойында — басты алаңнан орталық алаңға дейін жалғасады. Іс-шараның негізгі идеясы — ұлттық дәстүрлер мен жасанды интеллекттің үйлесімі, деп хабарлайды QZ NEWS.
Қала әкімдігінің мәліметінше, басты алаңда «Ұлы дала» атты театрландырылған қойылым өтеді. Ол Наурыз мерекесінің тарихи тамырлары мен Ботай қонысының мұрасына арналады.
«Іс-шараның хедлайнерлері — «Этнос тобы» және Александр Филатов. Негізгі тақырып — Ботай қонысы мен Наурыз мейрамының тарихи негізі. Алаңның ортасына көшпелі қоныстың диорамасы бар заманауи шаңырақ түріндегі шағын архитектуралық форма орнатылады. Бұл қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрінің сабақтастығын білдіреді», — делінген хабарламада.
Қалада алғаш рет диаметрі 24 метр болатын үлкен шатыр орнатылып, онда заманауи цифрлық технологиялар шоғырланады.
«Digital Nauryz» алаңында робототехника жарыстары, «Алаңдағы Наурыз» атты операторлық өнер байқауы, «Наурыз құтты болсын» ашықхат генераторы, тарихи тұлғалар бейнесі, дрон басқару, цифрлық киіз үй орнату, Наурыз тақырыбындағы VR ойындар, сондай-ақ ұлттық киімдермен фото аймақ ұйымдастырылады. Кез келген адам ұлттық нақыштағы образды киіп, фотосессия жасай алады», — деп атап өтті қала әкімдігі.
Сондай-ақ 4 тақырыптық киіз үй орнатылады. Жылы павильондарда қыш өнері, дәстүрлі қолөнер, 3D-принтер арқылы модель жасау бойынша шеберлік сағаттары өтеді. Ұлттық спорт ойындарына арналған бөлек алаңда қазақша күрес, тоғызқұмалақ, асық ату, жілік сындыру сынды жарыстар ұйымдастырылады. Жастар үшін «Көктем келді» атты кешкі бағдарлама жоспарланған. Онда павлодарлық «Адай» тобының триосы өнер көрсетеді. Сонымен қатар «Сағындырған әндер-ай» ретро бағдарламасы ұсынылады.
Бұдан бөлек, Қазақстан Конституциясы көшесі «Наурыз дәмі» атты ауқымды гастрономиялық фестивальге айналады. Негізгі оқиға — қоғамдық тамақтану орындары өкілдері арасында палау дайындаудың үздік рецепті бойынша байқау. Ал «Шеберлер алаңы» алаңында ағаштан және тоқыма бұйымдар ұсынылады.
Шаталов ескерткіші маңында «Ғажайып әлемі» балалар ойын аймағы ұйымдастырылады. Мұнда екі киіз үй орнатылып, интерактивті ойындар, ұлттық кейіпкерлер бейнеленген мультфильмдер көрсетілетін шағын кинотеатр, шарлы бассейні бар сырғанақ, ұлттық элементтерден жасалған жұмсақ конструкторлар орналастырылады.
Облыстық тарихи-өлкетану музейі маңында «Қуантып елді, Наурыз келді» алаңы жұмыс істейді. Мұнда төрт жартылай киіз үйде бата беру, шашбау байлау сияқты дәстүрлер көрсетіліп, күбі, саба, торсық, кесеқап, теркеш секілді музей экспонаттары таныстырылады.
Мерекелік бағыт Орталық алаңдағы «Жайлау ауылы» этноауылында аяқталады. Мұнда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, сирек құстар мен жануарлар көрмесі, сондай-ақ халық әндерінен үлкен концерт өтеді.
