Петропавлда SKO Hub қызметкерлері ҚР Конституциясы реформасын талқылауға қатысты

Qyzyljar creative center алаңында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы талқыланды. Іс-шараға «Respublica» партиясының облыстық филиалының өкілдері қатысты, деп хабарлайды QZ NEWS.
Кездесу барысында «Re.Women» әйелдер қауымдастығының төрайымы Асель Самаратова елдің Негізгі заңы терең трансформация кезеңінен өтіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, құжат мәтіні 84 пайызға жаңартылған. Мұндай ауқымды жаңғырту заңнаманы қарқынды өзгеріп жатқан әлем талаптарына және азаматтық қоғамның сұраныстарына бейімдеу қажеттілігінен туындаған.
«Қазірдің өзінде 8 мекемеде болдық. Негізінен білім беру ұйымдары мен бизнес нысандарында. Тыңдаушылар жақсы қабылдайды, диалогқа ашық, теріс пікір жоқ. Сұрақ қойып, қызығушылық танытуда», – деді Асель Самаратова.
«Respublica» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Абай Әлжанов өңірлердің дамуына серпін беретін технологиялық және әлеуметтік жаңашылдықтарға назар аударды.

«Конституцияның жаңа редакциясында цифрландыруға және “жедел дамушы қалалар” тұжырымдамасын енгізуге ерекше мән берілген. Бұл экономиканы ынталандыруға және ел бойынша білікті IT-мамандарды даярлауға мүмкіндік береді», – деді Абай Әлжанов.
Спикер экономикалық факторлармен қатар, жоба аясында азаматтардың құқықтық кепілдіктері күшейтілгенін атап өтті.
Реформаның маңызды бағыттарының бірі – некені ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде нақты айқындау арқылы отбасы институтын нығайту. Сонымен бірге экологиялық жауапкершілік пен «Заң және тәртіп» қағидаттарын мемлекеттік саясаттың негізгі векторлары ретінде бекіту қарастырылған.

Кездесуге қатысушылар күшті Парламент қалыптастыру және вице-президент лауазымы сияқты жаңа мемлекеттік институттарды енгізу әрбір қазақстандықтың мүддесіне бағдарланған тұрақты әрі әділетті басқару жүйесін құруға мүмкіндік береді деген ортақ пікірге келді.
