Петропавлда «Солтүстік Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ қызметкері жоспарлы жұмыс кезінде ток соғуынан қаза тапты

Петропавл қаласында 17 наурыз күні электр желісінде жүргізілген жоспарлы жұмыстар барысында «Солтүстік Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ қызметкері қаза тапты, деп хабарлайды QZ NEWS.
«Солтүстік Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ басшылығы 2026 жылғы 17 наурызда орын алған қайғылы оқиға туралы өкінішпен хабарлады.
«Бүгін қызметтік міндетін атқару кезінде әріптесіміз – қосалқы станциялар қызметінің электр слесарі қаза тапты. Жоспарлы жұмыстарды орындау барысында ол жоғары кернеулі электр тогының әсеріне ұшырады. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады», – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Компания өкілдерінің айтуынша, осы ауыр кезеңде марқұмның отбасына барлық қажетті қолдау көрсетіледі.
«Қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүргізілуде», – деді компанияда.
Белгілі болғандай, қаза тапқан қызметкер 21 жаста болған.
