Петропавлда СҚО ҚАЖД түзеу мекемелеріндегі сотталғандар дайындаған өнімдер таныстырылды

«Рахмет» сауда-ойын-сауық орталығында ерекше жәрмеңке-көрме өтті. Мұнда Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің мекемелерінде жазасын өтеушілер дайындаған өнімдер қойылды. Іс-шара «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қолдау мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды QZ NEWS
Өңір аумағында бес түзеу мекемесі жұмыс істейді, онда 1500 сотталушының шамамен 1000-ы ресми түрде еңбекпен қамтылған. Мекемелерде 18 жеке кәсіпкер өз өндірістерін орналастырған. Олар ағаш өңдеу, киім мен төсек орын жабдығын тігу, жуынатын бөлме керек-жарақтары, ойыншықтар және ат әбзелдерін жасау сияқты жұмыстармен айналысады.

Жәрмеңкеде шамамен 60-қа жуық өнім ұсынылып, сапасы мен қолайлылығының арқасында келушілердің қызығушылығын тудырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шара екі маңызды әлеуметтік міндетті шешеді.
«Бұл – сотталғандарды әлеуметтендіру. Еңбекпен қамтуды насихаттау қоғамға жазасын өтеушілердің нақты нәтижесін көрсетуге мүмкіндік береді, ал бұл олардың қоғамға сәтті қайта оралуының негізгі факторы. Екінші бағыт – көмек көрсету: өнім сатудан түскен табыстың бір бөлігі тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге көмек көрсететін дағдарыс орталықтарына бағытталады», – деді ұйымдастырушылар.

Аталған бастама бостандықтан айыру орындарындағы еңбекпен оңалтудың әлеуметтік бірлікті нығайтуға және көмекке мұқтаж жандарға нақты қолдау көрсетуге мүмкіндік беретінін көрсетеді.
