Петропавлда Ұлттық ұлан академиясының түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының 26-шы түлектерін шығарып салу рәсімі дипломдар мен алғашқы әскери атақтарды табыстаумен ғана емес, сап алдында жасалған әсерлі махаббат ұсынысымен де есте қалды. Бұл оқиға жас офицерлердің бірі үшін өмірінің жаңа кезеңінің символдық бастауына айналды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Петропавлдың бас алаңында ҚР Ұлттық ұланы академиясының жас офицерлерін салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Екі жүзге жуық түлек үшін бұл күн ерекше белес болды — олар алғашқы офицерлік дипломдарын, әскери атақтарын алып, ел қауіпсіздігі жолындағы қызметтің жаңа кезеңіне қадам басты. Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен, жақындарының қошеметі мен тәлімгерлерінің мақтанышқа толы көзқарастары аясында жас курсанттар үлкен офицерлік өмірге алғашқы қадамдарын жасады.
Бұл маңызды сәтті жас офицерлермен бірге бөлісу үшін ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-майор Аңсаған Балтабеков, СҚО әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов, әскери қолбасшылық өкілдері, ардагерлер, оқытушылар, түлектердің ата-аналары мен жақындары келді.

Биыл қазақстандық курсанттармен бірге мемлекетаралық ынтымақтастық аясында білім алған Тәжікстан Республикасының сегіз әскери қызметшісі де диплом алды. Жалпы академия Қазақстан мен көршілес мемлекеттің әскери бөлімдеріне шамамен 200 жас офицерге жолдама берді.
Түлектерге арнаған құттықтау сөзінде Марат Тасмағанбетов офицерлер құрамының ел қауіпсіздігін нығайтудағы ерекше рөлін атап өтті.
– Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым мықты мемлекет сенімді қауіпсіздік институттарынан, кәсіби әскерден және әрбір әскери қызметшінің жоғары жауапкершілігінен басталатынын атап өтеді. Офицерлік погон сіздер үшін әрдайым абыройдың, қадір-қасиеттің және жауапкершіліктің белгісі болсын. Ұлттық ұланның даңқты дәстүрлерін сақтап, Қазақстан Республикасы офицері деген жоғары атақты лайықты алып жүріп, халық пен Отанға адал қызмет етіңіздер, – деді ол.
Сондай-ақ ол Академияның профессорлық-оқытушылық құрамына, командирлерге, ардагерлерге және жас қорғаушыларды тәрбиелеуге зор үлес қосқан ата-аналарға алғыс білдірді.
Дипломдар мен алғашқы офицерлік погондарды түлектерге Ұлттық ұланның жоғары қолбасшылық өкілдері, облыс басшылығы және ардагерлер тапсырды. Олардың қатарында генерал-майор Аңсаған Балтабеков, Марат Тасмағанбетов және Петропавл қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Иманғали Тәтваев болды.

Академияның ерекше мақтанышына айналған төрт түлек оқуын үздік аяқтап, бұған дейін аға лейтенант шенін мерзімінен бұрын алған болатын. Оларға погондарды Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ішкі істер министрі Ержан Сәденов табыстаған. Мұндай құрметке Диар Бұрымбаев, Арыстан Маултов, Сырым Әбжалбар және Ғаламат Нышанбек ие болды.
Дәстүрлі қоштасу вальсінен кейін жас лейтенант Батырхан Әбілденов сүйіктісіне күтпеген сый жасады. Ол сап алдында оған тұрмысқа шығу туралы ұсыныс білдірді.
– Бұл вальс Академияны аяқтаудың және офицерлік жолдың басталуының символы. Мен саған бір ғана сұрақ қойғым келеді: маған тұрмысқа шығасың ба? – деді ол.
Сүйіктісінен көптен күткен «иә» деген жауап алған жас офицер жиналғандардың қошеметі астында оған сақина мен гүл шоғын сыйлады.
Мерекелік шараның жалғасында Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қарумен көрсетілім қойып, ұлы қазақ хандары мен қолбасшыларының бейнесіндегі салт аттылар қатысқан театрландырылған көрініс ұсынды. Олар Отан қорғаушылардың жаңа буынына ақ жол тілеп, қазақ батырларының қаһармандық мұрасын еске салды.

Салтанатты рәсім Ұлттық ұлан академиясы жеке құрамының әскери оркестр сүйемелдеуімен өткен салтанатты маршымен аяқталды. Бұдан кейін алаңды құшақтасулар мен құттықтаулар кернеді. Жақындары мен достары жас офицерлерді қарсы алып, олардың Отанға қызмет ету жолындағы үлкен сапарының басталуына куә болды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясы 1997 жылы ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің жоғары әскери училищесінің базасында құрылған. Осы уақыт ішінде оқу орны алты мыңнан астам офицер даярлады.
