Петропавлдағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 800-ге жуық жұмыс орны ұсынылды

Петропавл қаласындағы Жастар сарайында Мансап орталығы ауқымды бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді. 30-дан астам жұмыс беруші қала тұрғындарына 800-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Іс-шараға 100-ден астам адам қатысты. Олардың басым бөлігін колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері құрады. Қатысушылар жұмыс берушілермен тікелей сөйлесіп, еңбек жағдайларын талқылап, түйіндемелерін қалдырды.
Жұмыс іздеушілерге экономиканың түрлі салалары бойынша мамандықтар ұсынылды. Жұмыс берушілер бухгалтерлерді, электриктерді, жүргізушілерді, су тазарту қондырғыларының операторларын, өндіріс орындарының мамандарын және басқа да сұранысқа ие кәсіп иелерін іздеді.
Мансап орталығының мамандары «Жастар практикасы» бағдарламасына ерекше назар аударды. Бұл бағдарлама түлектерге алғашқы кәсіби тәжірибе жинақтап, өз мамандығы бойынша еңбек жолын бастауға мүмкіндік береді.
«Бізде жастар практикасы бойынша 200-ден астам түрлі бағыттағы бос жұмыс орны ұсынылып отыр. Жастар практикасы – жалақы төленетін толыққанды жұмыс. Биыл оның мөлшері 30 АЕК немесе шамамен 130 мың теңгені құрайды. Бағдарламаның басты артықшылығы – оқуын аяқтаған жас мамандардың қажетті еңбек тәжірибесін алуына мүмкіндік береді», – деді Мансап орталығы директорының міндетін атқарушы Татьяна Адилова.
Жәрмеңкеге қатысқан жұмыс берушілердің бірі – Петропавл қаласының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі болды. Бөлімге өрт сөндіруші-құтқарушылар мен жүргізушілер қажет. Болашақ қызметкерлерге тұрақты жалақы, мансаптық өсу мүмкіндігі, тұрғын үй төлемдері және медициналық сақтандыру ұсынылады.
«Бізде өрт сөндіруші-құтқарушыларға – 19, жүргізушілерге 11 бос жұмыс орны бар. Үміткерлерге қойылатын талаптар: білімі ортадан төмен болмауы, жасы 35-тен аспауы және ер азаматтар үшін әскери билетінің болуы», – деді СҚО ТЖД Петропавл қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығының орынбасары Нұрхан Туяков.
Көптеген жастар үшін бұл жәрмеңке жұмыс берушілермен тікелей тілдесіп, өзіне лайықты жұмыс орнын табуға мүмкіндік болды.
«Мен Байкен Әшімов атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжін “Бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуші” мамандығы бойынша тәмамдадым. Өз мамандығым бойынша жұмыс тапқым келеді. Егер мүмкіндік болмаса, сауда немесе адамдармен қарым-қатынас саласындағы жұмысты қарастырамын. Әрине, жас әрі ұйымшыл ұжымда еңбек етіп, лайықты жалақы алғым келеді. Тәжірибем болмаса да, кез келген еңбек бағалануы тиіс», – деді түлек Богдан Гиричев.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бұл – жыл басынан бері Петропавлда өткен жетінші бос жұмыс орындары жәрмеңкесі. Келесі жәрмеңкені тамыз айында өткізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда облыс орталығында 1,5 мыңнан астам жұмыссыз азамат тіркелген. Сондықтан мұндай кездесулер халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің тиімді тетіктерінің бірі болып қала береді.
