Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлдағы гидроторап арқылы өтетін автомобиль көпірінде жөндеу жұмыстары басталды

Петропавлдағы гидроторап арқылы өтетін автомобиль көпірінде жөндеу жұмыстары басталды

July 31, 2026 10:00

Петропавл қаласында гидроторап арқылы өтетін автомобиль көпірінің жол жабынын жаңарту жұмыстары басталды. Жөндеу кезеңінде аталған учаскеде көлік қозғалысы толықтай шектелді. Көпірге апаратын жолдар бетон блоктармен жабылып, ескерту жол белгілері орнатылды. Тек жөндеу жұмыстарына тартылған арнайы техниканың жүруіне ғана рұқсат берілген, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Көпірдің жол жабынын жөндеу қажеттілігі бұрыннан туындаған болатын. Көптеген шұңқырлар мен жабынның бүлінуіне байланысты жүргізушілер көліктеріне зақым келтірмеу үшін жылдамдықтарын едәуір төмендетуге мәжбүр болды. Жолдың жағдайына қатысты қала тұрғындары тарапынан бірнеше мәрте арыз-шағымдар да түскен.

Ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен 5 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Жұмыстарды тамыз айының басында аяқтап, кейін көпірдегі көлік қозғалысын қайта ашу жоспарланып отыр.

«30 шілде мен 3 тамыз аралығында Петропавл гидроторабындағы автомобиль көпірі жабылады. Бұл кезеңде жол төсеміне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мердігер ұйым анықталды. Мұндай жұмыстар жыл сайын атқарылады. Бұл – жол жабынының сапасын сақтау үшін қажетті шара», – деді «Қазсушар» РМК филиалы бөлімінің басшысы Асхат Бәкішев.

Шектеу кезеңінде жүргізушілер үшін балама бағыттар ұйымдастырылды. Жеңіл көліктер Петропавл қаласы арқылы қатынай алады. Ал жүк көліктері үшін Астана – Көкшетау, Жезқазған – Арқалық – Петропавл, Петерфельд – Архангельское – Новокаменка бағыттары, сондай-ақ Жезқазған – Арқалық – Петропавл автожолы арқылы айналып өту жолдары қарастырылған.

Мамандар жүргізушілерге уақытша енгізілген қозғалыс өзгерістерін алдын ала ескеріп, жол бағытын қолданыстағы шектеулерге сәйкес жоспарлауға кеңес береді.

Shares