Петропавлдағы өнер колледжінің студенттеріне “Закладчики. Мать.” фильмі көрсетілді

Петропавлда жастарға арналған кезекті кино көрсетілім өтті. Е. Серкебаев атындағы өнер колледжінің студенттеріне «Закладчики. Мать» фильмі ұсынылды. Көрсетілімге шамамен 40-50 студент қатысты, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы Қоғамдық даму және ақпарат орталығының өкілдері облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, жастарға тыйым салынған заттардың зияны мен салдары туралы фильмдерді тұрақты түрде көрсетіп келеді.
«Закладчики. Мать» фильмі бұған дейін де көрсетілген және өңірдегі оқу орындарында көрсетілуін жалғастыруда.
«Фильм адамның өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауы туралы баяндайды. “Заң мен тәртіп” идеологиясы аясында біз апта сайын түрлі іс-шаралар, соның ішінде кино көрсетілімдер өткіземіз», – деді СҚО ІСБ бөлім маманы Алмагүл Ғаббас.
Деректі фильмнен әсер алғандардың бірі – 2-курс студенті Өмірұзақ Еркеш. Оның айтуынша, мұндай фильмдерді жастарға көрсету өте маңызды, себебі ол өмірлік құндылықтар туралы ойлануға жетелейді.
«Фильмді көргеннен кейін есірткінің адамның болашағына ғана емес, ата-анасына да кері әсер ететінін түсіндім. Мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Менің ойымша, оңай ақша болмайды. Жеңіл табыс туралы жарнамаларға сенбеу керек», – деді студент.
СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Зарина Попованың мәліметінше, үш айда өңірде 68 есірткі құқықбұзушылығы тіркелген. Оның ішінде 29 жағдай – есірткі заттарын сақтау (шағын және ірі мөлшерде), 33 дерек – тыйым салынған заттарды сату фактілері. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 10 келі 163 грамды құрады.
Осындай кино көрсетілімдерді алдағы уақытта өңір мектептерінің жоғары сынып оқушылары үшін де ұйымдастыру жоспарланып отыр. Айта кетейік, «Закладчики…Мать» фильмі – Солтүстік Қазақстан облысында есірткі және есірткі қылмысы мәселесіне арналған төртінші деректі туынды.
