Петропавлдағы №8 эстетикалық тәрбие беру мектеп-кешенінің базасында 180 балаға жазғы демалыс ұйымдастырылды

Халықаралық балаларды қорғау күні Петропавл қаласындағы №8 эстетикалық тәрбие беру мектеп-кешенінің ауласында мектеп жанындағы жазғы алаңның ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға 120 тәрбиеленуші қатысты. Мерекенің басты мақсаты – балаларға достыққа, мейірімділікке және алаңсыз жазғы көңіл-күйге толы орта қалыптастыру болды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Балалар үшін музыкалық нөмірлер, көңілді ойындар мен би флешмобтарынан тұратын ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Мектеп директоры Айгерім Уәлиева балаларды, ата-аналар мен педагогтерді мерекемен құттықтады. Іс-шараның ерекше қонағы болған аниматор Аю балалармен интерактивті ойындар өткізіп, мереке «Тек алға» атты ауқымды флешмобпен қорытындыланды.
Мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Елена Бортникованың айтуынша, биыл лагерьде 182 бала демалады. Олар үшін мазмұнды әрі қызықты үш апталық бағдарлама әзірленген.
«Балаларды қорғау күні – қуаныштың, спорттың, білімнің мерекесі. 1–19 маусым аралығындағы үш апта ішінде балаларды сауықтыру шараларымен қатар, санитарлық-эпидемиологиялық қызметпен келісілген теңгерімді екі мезгілдік тамақтану күтіп тұр. Біздің мектеп жанындағы алаң 1987 жылдан бері жұмыс істейді және жыл сайын балалар саны азаймай келеді. Мектебіміздің ерекшелігі – эстетикалық тәрбие беру кешені болғандықтан, мұнда хореография, ырғақ сабақтары, бейнелеу өнері, театр студиясы және хор үйірмелері жұмыс істейді», – деді Елена Бортникова.
Жазғы алаң жұмысына барлығы 16 педагог тартылған. Олардың қатарында тәрбиешілер, дене шынықтыру мұғалімдері, қазақ және ағылшын тілі пәндерінің ұстаздары, сондай-ақ эстетикалық бағыттағы мамандар бар.
Демалыстың алғашқы күнінде балалар үшін сурет байқаулары, викториналар және қаланың мәдени нысандарына экскурсиялар ұйымдастырылды.
