Петропавлдың инженерлік инфрақұрылымының сенімділігін арттыратын 4 ірі жоба іске асуда

Петропавлда тұрғын үй құрылысымен қатар, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалар белсенді жүзеге асырылуда. Мұның бәрі қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді, деп хабарлайды QZ NEWS.
Облыс орталығының әкімі Серік Мұхамедиев брифингте Жас Өркен шағынауданында 280 орындық балабақша құрылысы аяқталып қалғанын айтты. Нысанды 2025 жылдың желтоқсан айының соңында пайдалануға беру жоспарланған.
«“Қазақстан халқына” қоры бөлген қаражат есебінен келесі жылы дамып келе жатқан “Орталық” шағынауданында 280 орындық балабақша құрылысы басталады. Жоба жүзеге асқанда, қаладағы мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығын айтарлықтай азайтып, қолданыстағы балабақшаларға түсетін жүктемені төмендетеді», – деді қала әкімі.
Әкім өткен жылы Орман шағынауданында 600 орындық заманауи №28 мектеп ашылғанын еске салды. Биыл 1 қыркүйекте Береке шағынауданында осындай үлгідегі №29 мектеп өз жұмысын бастады. Ол Президент тапсырмасы бойынша «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған.
«Бұған дейін Ғауез Торсанұлы айтқандай, Қизатов көшесінде әмбебап спорт нысаны мен коньки тебу орталығын салу, сондай-ақ Береке шағынауданында футбол академиясын ашу жоспарлануда. Пестрое көлі айналасындағы (6,1 км-ден аса) триатлон паркінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Қаржы бөлінген жағдайда аталған жобалар іске асырылады», – деді Серік Мұхамедиев.
Қалада 31 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттерін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Ал коммуналдық жүйелердің сенімділігін арттыру үшін төрт ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр.
«Жабаев – Шажымбаев – Новая – Алтынсарин көшелері бойымен жылу магистралінің (ТМ-2) құрылысы, Промышленная – Жуков көшелері бойымен жылу магистралінің (ТМ-15) құрылысы, “Қопай” тұрғын ауданында магистральдық желілер салу және 110/“Қопай” қосалқы станциясын қайта жаңарту – аталған жобалардың барлығы қаланың инженерлік инфрақұрылымын кешенді дамытуға, жылу және электрмен жабдықтау жүйелерінің сенімділігін арттыруға, сондай-ақ тұрғындардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған», – деп атап өтті Петропавл әкімі.
