Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлдық оқушылар Career map экскурсиясында SKO hub мүмкіндіктерімен танысты

Петропавлдық оқушылар Career map экскурсиясында SKO hub мүмкіндіктерімен танысты

May 14, 2026 10:18

Петропавлда №29 жалпы білім беретін “Келешек мектебінің” оқушылары үшін өңірлік цифрлық технологияларды дамыту орталығы — SKO hub базасында кәсіби бағдар беру экскурсиясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Іс-шара Career map бағдарламасы аясында өтіп, IT саласы мен заманауи технологияларға қызығушылық танытқан 15 оқушыны қамтыды.

Кездесу барысында жасөспірімдерге SKO hub пен Qyzyljar Creative Center қызметі туралы айтылып, жасанды интеллект саласындағы өзекті бағыттар таныстырылды. Сондай-ақ бүгінгі цифрлық индустрияда қандай дағдылар сұранысқа ие екені түсіндірілді. Қатысушылар технология әлеміндегі жолды неден бастауға болатынын және өңірде білім алып, дамуға қандай мүмкіндіктер бар екенін білді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай экскурсиялар оқушыларға болашақ мамандықты таңдауда дұрыс бағдар беріп, еңбек нарығындағы заманауи үрдістермен танысуға мүмкіндік береді. Qyzyljar Creative Center менеджері Снежана Губайдуллинаның сөзінше, CareerMap білім беру экскурсиясы SKO hub және креативті орталықпен бірлесіп өткізіліп келеді.

Экскурсия кезінде оқушылар жұмыс кеңістіктерін аралап, резиденттердің жобаларымен танысып, мамандарға көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Өз әсерімен №29 «Келешек мектеп» мектебінің оқушысы Әмір Қиззат бөлісті.

«Мұнда өте әдемі екен. Экскурсия барысында түсінгенім — бұл жерде жас таланттарды іздеп, технологияларды жоғары деңгейде дамытуға көңіл бөлінеді. Болашақта киім дизайны саласында өзімді көрсете аламын деп ойлаймын», — деді оқушы.

Бүгінде SKO hub IT бағытын дамыту мен жастар бастамаларын қолдауда өңірдегі негізгі алаңдардың бірі болып қала береді. Орталық цифрлық мамандықтар мен креативті индустрияларға қызығушылық танытатын жастарды барған сайын көбірек тартуда.

Shares