Петропавлдық жедел жәрдем дәрігерлері подъезде жүрегі тоқтап қалған әйелді аман алып қалды

Кәсібилік пен халықаралық реанимация хаттамаларын қатаң сақтау Петропавлдың жедел медициналық жәрдем бригадасына адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды QZ NEWS.
29 сәуір күні дәрігер Ділмұрат Шавдунов, фельдшер Ерболат Абдуллаев және жүргізуші-парамедик Мұрат Валеевтен құралған мамандандырылған дәрігерлік топ кеуде тұсының ауырсынуына шағымданған 55 жастағы әйелге шақырту бойынша барған.
Медицина қызметкерлері науқасқа миокард инфарктін диагностикалап, дереу көмек көрсете бастады. Алайда тасымалдау кезінде подъезде әйелдің қан айналымы мен тыныс алуы тоқтап қалған. Бригада бірден ACLS халықаралық стандартына сәйкес реанимациялық шараларды жүргізуге кірісті. Дефибриллятор мен жүрекке жанама массаж жасау нәтижесінде екі минуттан кейін әйелдің қан айналымы қалпына келіп, есін жиды.
Науқас кардиологиялық орталыққа жатқызылып, қажетті ем алғаннан кейін үйіне шығарылды.
Айта кетейік, дәрігер Ділмұрат Шавдунов – халықаралық деңгейдегі реанимация нұсқаушысы әрі республикалық спартакиаданың жүлдегері. Ал оның әріптестері кәсіби жарыстар мен оқыту курстарының тұрақты қатысушылары болып табылады. Осындай дайындық пен команданың үйлесімді әрекеті қиын жағдайдың сәтті аяқталуына себеп болды.
