Петропавлдықтар Фёдор Васильевич Щегловты соңғы сапарға шығарып салды

Петропавл қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері Фёдор Васильевич Щегловты соңғы сапарға шығарып салды. Ардагермен қоштасуға ондаған адам жиналды: мемлекеттік органдардың өкілдері, ардагерлер ұйымдары, жастар және қала жұртшылығы, деп хабарлайды QZ NEWS.
Фёдор Васильевич 1944 жылы, небәрі 17 жасында майданға аттанған. Ол Ұлы Отан соғысын 371-атқыштар дивизиясының құрамында өткерді. Бронебойшы болып қызмет атқарды.
Фёдор Щегловтың отбасы – Отан үшін жан аямай күрескен ерлік пен жанқиярлықтың нағыз үлгісі. Соғыстың алғашқы күндерінен-ақ оның ағасы майданға аттанып, жеңіске дейін соғысты. Кейін оған Фёдор Васильевичтің әкесі мен тағы бір ағасы қосылды.

Германияны жеңгеннен кейін ол Бірінші Қиыр Шығыс майданына аттанып, Жапонияға қарсы соғысқа қатысты. Кейінірек осы ерлігі үшін «Жапонияны жеңгені үшін» орденімен марапатталды. Төзімділігі, ерлігі және жауынгерлік еңбегі үшін Фёдор Васильевичке ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені де табысталды.
Ұлы Отан соғысының ардагері бүкіл өмірін еңбек жолына арнады: Булаево қаласында мұнай және газ құбырларын тартумен айналысты. Ол үлгілі отбасы иесі болды – жұбайымен тату-тәтті, берік некеде 50 жыл өмір сүрді. Бүгінде Фёдор Васильевичтен оның үш баласы, бес немересі және он үш шөбересі үлгі алады.
Ардагермен қоштасуға Солтүстік Қазақстан облысының ондаған тұрғыны келді. Қолдау және көңіл айту сөзін сөйлегендердің бірі – СҚО әкімінің орынбасары Руслан Әлішев болды. Ол өңір басшысының атынан сөз сөйледі.

«Құрметті Фёдор Васильевичтің туған-туыстары мен жақындары! Ұлы Отан соғысының ардагері Фёдор Васильевич Щегловтың дүниеден өткені туралы суық хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Орны толмас қайғыға байланысты қайғыра
көңіл айтамын», – деді Руслан Әлішев.
Туыстарының айтуынша, Фёдор Васильевич Жаңа жылды үлкен қуанышпен қарсы алған, әрдайым отбасымен естеліктерімен бөлісіп отырған. Майдандағы күндер, Ұлы Жеңіске жету жолы туралы шындықты жасырмай, ашық айтып отырған.

Ардагер туған күніне небәрі бірнеше күн жетпей өмірден озды. 9 қаңтар күні Фёдор Щеглов 99 жасқа толар еді.
Айта кетейік, өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысында Ұлы Отан соғысының екі ардагері – Валентина Волкодав пен Василий Макиенко өмірден өтті.
