Уәлиханов ауданында өрт кезінде 64 жастағы әйел қаза тапты

27 қаңтар күні кешке Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл ауылында жергілікті тұрғынның өмірін қиған қайғылы оқиға орын алды. Жеке тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабар СҚО ТЖД-ның «112» пультіне түсті, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
СҚО ТЖД мәліметінше, бөлімшелер келген сәтте өрт үйдің ішкі бөлмелерін толық шарпыған. Сегіз құтқарушы мен екі техника жедел жұмыс жүргізгенімен, үй иесі – 64 жастағы әйелді аман алып қалу мүмкін болмады. Оның денесі өртті сөндіру барысында табылды.
Мамандардың алдын ала болжамына сәйкес, өрттің шығуына жылыту пешін орнату кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы себеп болған. Қазіргі уақытта адам өлімі фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 292-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары аязды күндері пешпен жылытуды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
СҚО ТЖД мәліметіне сәйкес жылыту маусымы басталғалы бері 146 өрт тіркеліп, салдарынан 20 мерт болды, 5 адам жарақат алды, 2 адам улы газбен уланған. Биыл жеке үйде 35 өрт тіркелді, өткен жылы осы кезеңде 31 өрт болған. Биыл 13% артып отыр.
