Қалалық мәслихат депутаттары Петропавл бюджетінің бір бөлігін бекітпеді
Петропавл қаласы әкімдігінде VIII шақырылымдағы қалалық мәслихаттың кезектен тыс 28-сессиясы өтті. Күн тәртібіндегі басты мәселе — 2025–2027 жылдарға арналған Петропавл қаласының бюджетін бекіту болды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Марат Ерханов баяндама жасап, қалалық бюджетті 1,5 млрд теңгеге ұлғайтуды ұсынды. Қосымша қаражатты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс, мәдениет, кәсіпкерлік және өзге де басым бағыттарға бөлу жоспарланған.
Қосымша қаражаттың ең үлкен бөлігі — 806,1 млн теңге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне қарастырылған. Бұл сомаға жолаушылар тасымалын субсидиялау, меншік иелері бірлестігі құрылмаған үйлердің коммуналдық қызмет ақысын (жылу беру) төлеу (Горький к-сі, 10, 12; Жуков к-сі, 28; Жұмабаев к-сі, 282; «Бірлік» шағынауданы), сондай-ақ бейрезиденттік ғимарат сатып алу, «Солнечный» шағынауданында жер телімдерінің шекарасын белгілеу, қала абаттандыруы, көгалдандыру және цифрландыру жұмыстарына қосымша қаражат кіреді.
Құрылыс бөлімі бойынша жаңа тұрғын үйлерге электр қуаты үшін «СҚЭЖТК» АҚ алдындағы кредиторлық берешекті (2025 жылдың тамыз–желтоқсан айлары) өтеу қажет. Бұл тізімге Чкалов – Уәлиханов – Мүсірепов – Назарбаев көшелерінің қиылысындағы тұрғын үйлер кешендері мен «Солнечный» шағынауданындағы нысандар кіреді.
Сондай-ақ, 2025 жылдың IV тоқсанында өтетін қалалық іс-шаралар мен олардың бейнетүсірілімін қаржыландыру қарастырылған. Бұл тізімге Республика күні, Жаңа жыл және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері кіреді.
Баяндама барысында депутаттар бірқатар нақты сұрақтар қойып, қаражаттың мақсатты жұмсалуына қатысты пікір білдірді. Әсіресе ғимарат сатып алу мен қалалық іс-шараларды бейнетүсірілімге түсіру шығындарына назар аударылды.
Отырыс қорытындысы бойынша, бюджеттегі кейбір сома мен олардың бағыттары қосымша талқылауға және қарауға жіберілетін болды.