Қалалық жедел жәрдем ауруханасында 89 жастағы науқасқа сирек ота жасалды

Петропавл қаласының көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының дәрігерлері 89 жастағы науқасқа сәтті ота жасады. Әйел қабылдау бөліміне ауыр халде, ішті айнала қатты ауырсыну, жүрек айну және қатты әлсіздік шағымдарымен жеткізілген. Белгілі болғандай, зейнеткер бірнеше күн бойы өзін жайсыз сезінсе де, жедел жәрдем шақыруға тек кейінірек шешім қабылдаған, деп хабарлайды QZ NEWS.
Көпбейінді қалалық аурухананың мәліметінше, науқасқа мұқият тексеру жүргізіліп, РХПГ жасалды. Нәтижесінде өт жолының бітелуі диагнозы қойылды. Аталған мәселені шешу үшін эндоскопиялық әдіспен ота жасау туралы шешім қабылданды.
«Жалпы наркозбен холедохтағы тастарды эндоскопиялық жолмен алу науқас өміріне айтарлықтай қауіп төндіреді. Соған қарамастан, хирург-дәрігерлер жедел ота жасауға шешім қабылдады. Науқастың жасы ұлғайғанына және қатар жүретін аурулары болғанына қарамастан, ота сәтті өтті. Бірнеше күннен кейін науқас амбулаториялық емін жалғастыру үшін қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылды. Ота мен емдеу МӘМС аясында жүргізілді», – делінген хабарламада.
2025 жылы эндоскопиялық папиллосфинктеротомия 28 науқасқа жасалып, жалпы құны шамамен 12 млн теңгені құрады. Оның 25-і МӘМС аясында, ал 3-еуі ТМККК пакеті бойынша орындалған.
