Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Қазақстан азаматтарына Ресейге кіру кезінде жаңа талаптар туралы ескертілді

Қазақстан азаматтарына Ресейге кіру кезінде жаңа талаптар туралы ескертілді

January 23, 2026 16:00

Ресейге жұмыс істеу немесе оқу мақсатында баруды жоспарлап отырған Қазақстан азаматтары 1 шілдеден бастап RuID қосымшасы арқылы алдын ала электронды өтініш беруге міндетті болады, деп хабарлайды QZ NEWS «NewTimes.kz» ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Ресейдің Ішкі істер министрлігі шетел азаматтарының Ресей Федерациясына кіруінің цифрлық ережелерін сынақтан өткізу жөніндегі экспериментті 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту туралы қаулы жобасын дайындады.

Құжатқа сәйкес, 1 шілдеден бастап Ресейге визасыз тәртіппен жұмыс істеу немесе оқу мақсатында кіретін шетел азаматтары жоспарланған сапары туралы электронды өтінішті «Госуслуги» базасында жұмыс істейтін RuID мобильді қосымшасы арқылы алдын ала жіберуге міндетті болады. Бұл жаңашылдық Ресейге визасыз кіре алатын Қазақстан азаматтарына да қатысты. Алайда электронды өтініш беру талабы тек жұмыс істеуді немесе оқуды жоспарлаған азаматтарға ғана қолданылады. Туристік және жеке сапарлар әзірге жаңа талаптардың аясына кірмейді.

Ресей ІІМ өкілдерінің айтуынша, бұл шара шетел азаматының цифрлық профилін қалыптастырудың бір бөлігі болып табылады. Болашақта бұл шетелдіктерге арналған қызметтерді елге кіруді жоспарлаудан бастап, елден шығуға дейін толықтай цифрлық форматқа көшіруге, сондай-ақ көші-қон ағындарын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, цифрлық жүйе шетел азаматтарына Ресейге кіруге қатысты мүмкін болатын шектеулер немесе тыйымдар туралы ақпаратты алдын ала алуға жағдай жасайды.

20 қаңтардан бастап Ресейде «РФ-тан шығу және РФ-қа кіру тәртібі туралы» заңға енгізілген өзгерістер күшіне енді. Оған сәйкес, 14 жасқа дейінгі балалардың шетелге шығуы үшін міндетті түрде шетелдік паспорт (загранпаспорт) болуы қажет. Жаңа талаптар Қазақстанға, Беларуське, Абхазияға, Оңтүстік Осетияға және Қырғызстанға жасалатын сапарларға да қолданылады.

Shares