Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » «Қоқыстан елтаңба тауып, тазалап, үйіме іліп қойдым»: Жетісу облысында блогерге 216 мың теңге айыппұл салынды

«Қоқыстан елтаңба тауып, тазалап, үйіме іліп қойдым»: Жетісу облысында блогерге 216 мың теңге айыппұл салынды

April 29, 2026 12:37

Әлеуметтік желіде Жетісу облысында блогердің қоқыс полигонынан табылған елтаңба үшін айыппұл арқалағаны туралы ақпарат тарады. Бұл жағдайға өңірлік Полиция департаменті түсініктеме берді, деп хабарлайды QZ NEWS NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.

«Суретте: Жетісу облысы Жансүгіров ауылынан блогер Данияр Бейісқали. Төрт жыл бұрын ол қоқыстан Қазақстанның елтаңбасын тауып алып, өзіне қалдыруды шешкен. Ер адам мемлекеттік рәмізді тазалап, қалпына келтіріп, үйіне іліп қойған. Ісі жақсы көрінгенімен, бәріне бірдей ұнай бермейді. Бірнеше жылдан кейін бұл туралы ақпарат жергілікті билікке жетіп, блогерге 216 мың теңге көлемінде айыппұл салынды», – делінген Qumash Telegram-арнасында.

NUR.KZ тілшісіне Жетісу облысының Полиция департаментінде хабарлағандай, Ақсу ауданы әкімдігінен Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәмізі – мемлекеттік елтаңбаны мақсатсыз пайдалану дерегі бойынша арыз түскен.

«Тексеру барысында аталған құқықбұзушылыққа жол берген Ақсу ауданының тұрғыны анықталды. Ол Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылды», – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.

Полицияда мемлекеттік рәміздер заңмен ерекше қорғалатынын еске салды. Оларды пайдалану тек заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.

«Мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарап, оларды заңсыз пайдалануға жол бермеулеріңізді сұраймыз», – деп атап өтті Жетісу облысының Полиция департаменті.

Shares