«Қызылжар аруы» топтамасының премьералық көрсетілімі

Петропавлда Ботай мұрасы мен заманауи сәнді тоғыстырған көрсетілім өтті. Солтүстік Қазақстан облыстық Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында «Қызылжар аруы» атты әйелдер киімі топтамасының премьералық мерекелік сән көрсетілімі ұйымдастырылды. Шара сән әлемін, ұлттық дәстүрлер мен тарихи мұра элементтерін біріктіріп, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік алаңдардың біріне айналды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Көрермендерге жергілікті бренд авторлары өздерінің жаңа топтамаларын ұсынды. Мінбеде дизайнер Тәрбия Айдымбаева негізін қалаған «TARBIYA ULTTYQ KIIM» және негізін қалаушы Айжан Колчина болып табылатын «AQ QAIYN» брендтерінің үлгілері көрсетілді. Дизайнерлер ұлттық киімнің заманауи интерпретацияларын ұсынып, онда дәстүрлі ою-өрнектер мен қазіргі сән үрдістерін үйлестіре білді.
Іс-шараның құрметті қонағы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов болды.

Сән көрсетіліміне ұлттық мәдениетті бағалайтын көптеген көрермен жиналды.
Ұсынылған топтамаларда дизайнерлер ұлттық элементтерді, дәстүрлі ою-өрнектерді және қазақтың дәстүрлі киіміне тән сәндік бөлшектерді кеңінен қолданған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаттарының бірі – сән мен мәдениеттің тығыз байланысын көрсету, қазақ халқының бай мұрасын еске салу және жас ұрпақты ұлттық дәстүрлерді сақтауға шабыттандыру.
«AMANAT» партиясы СҚОФ әйелдер қанатының төрайымы Айгүл Нұрпейісова сән көрсетілімінің тек эстетикалық емес, мәдени-ағартушылық маңызы да зор екенін атап өтті.
«Біздің іс-шарамыздың мақсаты – тұрғындарды Ботай мәдениетімен дәстүрлі қазақ киімі арқылы таныстыру. Бүгінде бұл мәдениетке ерекше көңіл бөлініп отыр, себебі ол Солтүстік Қазақстан облысымен тығыз байланысты. Көрсетілген киім үлгілері – мәдениеттің өмір сүруі тиіс екенінің жарқын дәлелі. Біз оны сақтап, келер ұрпаққа жеткізуіміз қажет», – деді ол.
Мінбеде түрлі стильдегі киімдер ұсынылды – күнделікті образдардан бастап сәнді кешкі көйлектерге дейін. Әрбір модель нәзіктігімен, ұсақ бөлшектерінің мұқият ойластырылуымен және ұлттық символикаға деген ерекше назарымен ерекшеленді. Дизайнерлер шабытты өңірдің тарихи және мәдени ерекшеліктерінен, соның ішінде ежелгі Ботай мәдениетінің мұрасынан алған.

Көрермендер сән көрсетілімін жылы қабылдады. Көпшілігі мұндай іс-шаралар ұлттық киімге жаңа көзқараспен қарауға және оның қазіргі қоғамдағы маңызын түсінуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Өте керемет. Мен мұндай шараға алғаш рет келіп отырмын. Бұл – жастарға жақсы үлгі. Біздің дәстүрлеріміз – ең қастерлі құндылығымыз», – деді көрермендердің бірі.
Қонақтар сонымен қатар іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және ерекше атмосферасын атап өтті. Олардың айтуынша, Ботай мәдени мұрасына негізделген топтамалар елдің терең тарихи тамырын және дәстүрдің қазіргі қоғам үшін маңызын тағы бір мәрте еске салады.
Сән көрсетілімінен кейін мерекелік бағдарлама әйелдер қауымына арналған концертпен жалғасты. Көрермендерге қазақстандық эстрада әншілері мен Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының өнерпаздары жарқын музыкалық нөмірлер тарту етті. Мерекелік көңіл-күй, ұлттық нақыш пен шығармашылық шабыт кешті қонақтар үшін ерекше есте қаларлық етті.
