Қызылжар ауданында ауыл тұрғындары пәтерді тек Мемлекеттік қызмет департаментінің араласуынан кейін ғана жекешелендірді

Қызылжар ауданының тұрғындары мемлекеттік қордан берілетін тұрғын үйді рәсімдеуде негізсіз бюрократиялық кедергілерге тап болды. Жеті отбасы бірнеше ай бойы қажетті келісімшарттарын күткен, алайда жағдайға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті араласқанға дейін нәтиже шықпады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Ауыл тұрғындары департаментке жүгініп, жекешелендіру мерзімінің созылып кетуіне шағымданды. Аудандағы сәулет және ТҮКШ бөліміне жоспардан тыс тексеру жүргізілген кезде анықталды: тұрғын үй комиссиясы құжаттарды бірнеше ай бұрын мақұлдаған, алайда тұрғындармен келісімшарттар әлі де жасалмаған.
Аудан әкімдігі қызметкерлері кешігуді кадр тапшылығымен — бір қызметкердің жұмыстан кетуі және мамандардың уақытша жоқтығымен түсіндіруге тырысқан. Алайда Мемлекеттік қызмет департаментінде бұл дәлелдер жеткіліксіз деп бағаланды.
«Аталған себептер мемлекеттік қызмет көрсету процестеріне әсер етуге тиіс емес. Бөлімнің жұмысында бюрократия мен созбалық бар екені көрініп тұр», — деді СҚО бойынша ҚР МҚІА Департаментінің басшысы Ержан Қарымсақов.
Уәкілетті органның араласуынан кейін ауыл тұрғындарының құқықтары қысқа мерзімде қалпына келтірілді. Бүгінгі күнге дейін жеті өтініш берушімен ұзақ күткен жекешеленліру келісімшарттары жасалды.
Департамент еске салады: егер сіз мерзімдердің бұзылуына немесе мемлекеттік қызметтің сапасыз көрсетілуіне тап болсаңыз, мәселені үнсіз қалдырмаңыз. Көмекке e-Otinish платформасы, Telegram-бот EgovKzBot2.0 арқылы немесе Петропавл қаласында 36-01-62 телефоны бойынша жүгіне аласыз.
