Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов солтүстікқазақстандық кәсіпорындардың әлеуетін жоғары бағалады

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына келді. Сапар аясында ол өңір тұрғындары және кәсіпкерлерімен кездесіп, кейін Петропавл қаласындағы бірқатар ірі өндірістік кәсіпорындарды аралады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Кәсіпкерлермен өткен кездесуде ішкі сауданы дамыту мәселелері, отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары, салаға цифрлық шешімдерді енгізу және өңірдің экспорттық әлеуетін кеңейту бағыттары талқыланды.
Вице-министр Петропавл электротехникалық зауыты, Nord Panels ЖШС, ECO Glade ЖШС, «Жасыл Солтүстік» жылыжай кешені мен Рим-КазАгро қағаз өнімдері фабрикасының өндірістік мүмкіндіктерімен танысты. Сонымен қатар ол отандық өндірісті дамыту бастамаларын қолдайтынын жеткізді.
– Кәсіпорындардағы нәтижелер көңіл қуантады. Компаниялардың белгілі бір жетістіктері бар. Бизнестің өз міндеттерін табысты орындап отырғанын көріп отырмыз. Әсіресе, бұл кәсіпорындардың әлеуеті өте жоғары екенін атап өткім келеді, – деді Әсет Нүсіпов.
Вице-министрдің айтуынша, өңір кәсіпорындары өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге және экспорттық бағыттарды кеңейтуге де зор мүмкіндікке ие.
