SKO Hub Петропавлдағы IT-таланттарға арналған Startup Orda инкубациялық бағдарламасының қорытындыларын шығарды

Петропавлда SKO Hub базасында Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінің Startup Orda инкубациялық бағдарламасының Demo Day іс-шарасы өтті, деп хабарлайды QZ NEWS.
Startup Orda бағдарламасы жергілікті IT-таланттарды анықтауға және дамытуға бағытталған. Бағдарлама халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті инновациялық өнімдер жасауға ынталандырып, өңірлік IT-экожүйені нығайта түседі.

Demo Day екі айлық қарқынды жұмыстың қорытындысы болды. Осы кезеңде 15 перспективалы IT-жоба толық инкубациядан өтті. Қатысушылар өз технологиялық идеяларын (MVP) деңгейіне дейін дамытты. Сондай-ақ қатысушылар үшін воркшоптар, нарықтың жетекші сарапшыларымен менторлық сессиялар ұйымдастырылып, алғашқы клиенттерді тарту және жобаны таныстыруға дайындық жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараның маңыздылығын СҚО цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Азамат Байтеміров атап өтті.

«Жас IT-командаларымыздың әлеуеті зор екенін көріп отырмыз. Startup Orda бағдарламасы идеяларды нақты жұмыс істейтін бизнеске айналдыру үшін қажетті серпін береді. Мұндай бастамаларды қолдау – біздің басты міндеттеріміздің бірі, әрі түлектерге әрі қарай дамуға және нарыққа шығуға көмектесуге дайынбыз», – деді Азамат Байтеміров.

Қорытынды Demo Day барысында командалар сарапшылар мен әлеуетті инвесторлардың алдында өз жобаларын таныстырып, ауқымын кеңейтуге және нарыққа шығуға дайын екендерін көрсетті. Шара соңында әр команда бағдарламаға қатысқаны туралы сертификаттар мен сарапшылардың ұсынымдарын алды.

