Солтүстік Қазақстан облысы Франциямен ынтымақтастықты нығайтуда

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиогені бастап келген француз делегациясымен кездесу өткізді, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Кездесу барысында Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынастар өзара құрмет пен сенімге негізделіп, жүйелі түрде дамып келе жатқаны атап өтілді. Бұл өз кезегінде өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтуге және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға берік негіз қалайды.
Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы мен Франция арасындағы тауар айналымы 23 есеге артқан. Экспорттың негізгі бөлігін қара металл өнімдері құраса, өңірге көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасы жеткізіледі.
Денсаулық сақтау саласында да оң динамика байқалады. Француз тарапының қаржылай қолдауының арқасында облыста 16 телемедициналық кешен енгізілді. Бұл әсіресе ауылдық елді мекен тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы ынтымақтастықты талқылады. Атап айтқанда, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, сондай-ақ өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инновация және мәдениет салаларында тәжірибе алмасу мәселелері қарастырылды.
