Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Солтүстік Қазақстан облысында LiuGong құрылыс техникасын өндіру көлемі кеңейтілуде

Солтүстік Қазақстан облысында LiuGong құрылыс техникасын өндіру көлемі кеңейтілуде

June 2, 2026 14:19

«Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының қатысушысы болып табылатын «Казтехмаш» ЖШС базасында әлемдегі ірі машина жасау өнімдерін өндірушілердің бірі саналатын қытайлық LiuGong компаниясының жол және құрылыс техникаларын құрастыру өндірісі іске қосылды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері СҚО делегациясының Қытайға жұмыс сапары барысында талқыланды. Өңір өкілдері «АгроТехМенеджмент» ЖШС басшылығымен бірлесіп, LiuGong компаниясының вице-президенті Дэн Таомен кездесу өткізді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша «Казтехмаш» зауыты алаңында шығарылатын техникалар қатарын кеңейту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Биылғы жылдың соңына дейін құрастырылатын модельдер саны жеті түрге дейін ұлғайтылмақ. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қолдауымен техниканың екі түрін өнеркәсіптік құрастыру жөніндегі келісімге қол қойылған.

Тараптар болашақтағы ынтымақтастық перспективаларына да ерекше назар аударды. LiuGong компаниясы әуежай маңында орналасқан «Qyzyljar» АЭА-ның сегізінші кіші аймағында логистикалық орталық салу жобасын жүзеге асыруға қызығушылық танытты. Сонымен қатар, инженерлік және өндірістік кадрларды даярлау бағытында Kozybaev University-мен өзара іс-қимыл мүмкіндіктері талқыланды.

Сондай-ақ LiuGong компаниясының шақыруымен өңір делегациясы өнеркәсіп саласының өкілдері мен әлемнің түрлі елдерінен келген іскер серіктестерді біріктірген халықаралық форумға қатысты. Бағдарлама аясында қатысушылар компанияның заманауи «ақылды» зауытында болып, қосалқы бөлшектерді өндіруден бастап дайын техниканы шығаруға дейінгі толық өндірістік циклмен танысты.

Кәсіпорынның инновациялық әзірлемелері, оның ішінде электр жетекті машиналар мен толық автономды басқару жүйесімен жабдықталған техника үлгілері ерекше қызығушылық тудырды.

Сапарға қатысушылардың пікірінше, озық технологияларды енгізу және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту Солтүстік Қазақстан облысының машина жасау саласын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Shares