Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Солтүстік Қазақстан облысындағы цифрлық музей тәжірибесін республика көлемінде енгізу жоспарлануда

Солтүстік Қазақстан облысындағы цифрлық музей тәжірибесін республика көлемінде енгізу жоспарлануда

June 3, 2026 14:09

Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің бірінші орынбасары Қанат Ысқақов мәдениет пен өнер саласын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды. Өңір жұртшылығымен өткен кездесуде ол мемлекеттік мәдени саясаттың негізгі басымдықтарына тоқталып, мәдени нысандардың халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету мен тарихи мұраны кеңінен насихаттау басты міндеттердің бірі екенін атап өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысында тарих және мәдениет ескерткіштерінің саны шамамен 600-ге жетеді. Оның ішінде 9 нысан республикалық маңызға ие. Мемлекет олардың сақталуын қатаң бақылауда ұстап, тарихи-мәдени нысандарды талапқа сай күйде ұстау үшін кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстарын жалғастырады.

– Ең алдымен, барлық мәдени нысандар халық үшін қолжетімді болуы керек. Біз мәдени мұра объектілерінің өз қызметін жалғастырып, қоғамға рухани және тәрбиелік тұрғыдан пайдасын тигізуі үшін қажетті жағдай жасауымыз қажет, – деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің бірінші орынбасары.

Қанат Ысқақов музей ісін жетілдіру мәселесіне де арнайы тоқталды. Ол Ғабит Мүсірепов ауданындағы Новоишимское ауылында жүзеге асырылған цифрлық музей жобасын ерекше атап өтті.

– Бұл жоба бізді қатты шабыттандырды. Сондықтан оны толық қолдаймыз. Қателеспесем, бұл Қазақстандағы алғашқы цифрлық музей. Біз осы тәжірибені еліміздің барлық өңіріне таратуды жоспарлап отырмыз. Бұл – мәдениеттің заманауи талаптарға бейімделуінің нақты көрінісі. Музейдің дәстүрлі форматы сақталады, өйткені тарихи жәдігерлерді көзбен көріп, сезіну маңызды. Бірақ уақыт өзгеруде, жаңа буын үшін визуализацияның маңызы артып келеді. Компьютерлік технологиялардың көмегімен адамдар экспонаттарды қолмен ұстамаса да, оларды заманауи форматта көріп, таныса алады, – деді Қанат Ысқақов.

Сондай-ақ, бірінші вице-министр қазіргі уақытта басқа өңірлерде бос тұрған ғимараттарды цифрлық музейлерге айналдыру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтты.

Кездесу барысында театр өнерін дамыту мәселесі де жеке қаралды. Вице-министр театрларды жас ұрпақты рухани және идеологиялық тұрғыдан тәрбиелеудің маңызды құралы деп атап, мәдениет мекемелерінің инфрақұрылымын дамытуға, кадрлық әлеуетті нығайтуға және қызметкерлердің жалақысын қолдауға бағытталған қаржыландыру көлемі қысқартылмайтынын жеткізді.

Қанат Ысқақовтың айтуынша, әлемде өнерді коммерцияландыру үрдісі күшейіп келе жатқанына қарамастан, мемлекет өңірлік театрлардың негізгі инвесторы болып қала береді. Өңірлердегі халықтың табыс деңгейін ескере отырып, ведомство спектакльдердің бағасы тұрғындардың барлық санаты үшін қолжетімді болуы мақсатында субсидиялар бөлуді жалғастырады. Осылайша, театр өнерінің көпшілікке қолжетімділігі сақталады, деп түйіндеді спикер.

Shares