Солтүстік Қазақстан облысының 50 мыңнан астам тұрғыны МӘМС жүйесінде сақтандырылған

Дүниежүзілік денсаулық күніне орай өңірде денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық сақтандыру қорының өкілдері саланың өзекті мәселелерін талқылады. Кездесудің негізгі тақырыптары — әлеуметтік осал топтар үшін мемлекеттік жарналар және Kaspi.kz қосымшасындағы жаңартылған сервисті іске қосу болды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Кездесуді Қазақстанның жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы ұйымдастырды. Қатысушылар алдымен туберкулезді ерте анықтау тәсілдерін талқылап, кейін медицинаның экономикалық мәселелеріне көшті.
Талқылау МӘМС туралы заңдағы өзгерістер тақырыбымен жалғасты.
СҚО бойынша медициналық сақтандыру қоры филиалы директорының орынбасары Талғатбек Тілеубердин заңнамадағы маңызды жаңашылдықтар туралы айтты. Оның сөзінше, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін жарна төлей бастады. Өңірде 520 мың адам тұрады, оның ішінде 59 мыңы «сақтандырылмаған» мәртебесінде болған. Алайда жаңа өзгерістер бұл мәселені шешуге мүмкіндік береді.
«2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жергілікті атқарушы орган әлеуметтік осал топтар, яғни D және E санаттары үшін жарна төлеуді бастады. Осы жаңашылдықтың арқасында көптеген азамат сақтандырылған мәртебеге ие болып, медициналық көмек алуға мүмкіндік алды», – деді ол.
Талғатбек Тілеубердиннің айтуынша, кей жағдайда жұмыс берушілер қызметкерлері үшін жарналарды уақытылы аудармайды. Сондай-ақ кейде төлемдерді дұрыс кодпен емес, белгіленген ТМК 122 кодының орнына қате кодпен жіберу жағдайлары кездеседі.
Сонымен қатар, жуырда қор Kaspi.kz банкімен бірлесіп МӘМС жүйесіндегі мәртебені тексеру сервисін жетілдірген. Енді дербес төлеушілер бұрынғыдай әр ай үшін бөлек төлем жасамай-ақ, қосымша автоматты түрде берешек сомасын есептеп, төлем жасауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде азаматтардың жарна төлеу кезінде қателесуінің алдын алмақ.
