Солтүстікқазақстандық журналист Сергей Кузнецов өмірден өтті

Ауыр науқастан кейін әріптесіміз, белгілі журналист Сергей Кузнецов өмірден озды. Осылайша өз ісінің нағыз кәсіби маманы, қарапайым да парасатты жаннан айырылдық, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Сергей Кузнецов оқырмандық мәдениеті мен адамгершілік қасиеті үйлескен азамат еді. Мәскеу мемлекеттік М.В. Ломоносов атындағы университетінің (ММУ) түлегі ретінде ол терең білімділігімен, сауатты қаламымен және бүгінде сирек кездесетін зиялылығымен ерекшеленді.
Әріптестері, достары және мақалаларының кейіпкерлері Сергейді сабырлы, байыпты әрі мейірімді адам ретінде еске алады. Ұзақ жылғы еңбек жолында оның ешқашан дауыс көтеріп сөйлегенін ешкім көрген емес. Редакциядағы кез келген келіспеушілік пен пікірталасты ол әрдайым байыпты уәжімен, әдептілігімен және сұхбаттасушысына деген құрметімен шеше білді.
Өмір жолындағы маңызды белестердің бірі – оның «Северный Казахстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінде атқарған ұзақ жылғы қызметі болды. Бұл басылымда жарық көрген мақалалары әрдайым салмақты, сауатты әрі нақты мазмұнымен ерекшеленетін. Осы редакция қабырғасында Сергей Кузнецов жас тілшілердің бірнеше буынын тәрбиелеп, өз тәжірибесі мен кәсіби шеберлігін аянбай бөлісті.
Сергей Кузнецовтың журналистік шеберлігі туған өңірден тыс жерлерде де жоғары бағаланды. Маңызды оқиғаларды дәл аңғарып, ақпаратты жедел саралай білетін ол республикалық жетекші басылымдардың меншікті тілшісі болып қызмет атқарып, өңірдегі маңызды жаңалықтарды ірі республикалық ақпарат агенттіктеріне тұрақты түрде жариялап отырды.
Оның жедел ақпараттары, сараптамалық мақалалары мен репортаждары әрдайым журналистік әдеп пен кәсібиліктің жоғары талаптарына сай болды. Ол ресми есептердегі құрғақ сандардың ар жағындағы адам тағдырын көре білетін журналист еді.
Сергей Кузнецов туралы жарқын естелік – сенімді әріптес, білікті журналист әрі кең жүректі азамат ретінде – туған-туыстарының, достары мен әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмды таныған барша жандарға қайғырып көңіл айтамыз. Жаны жәннатта, иманы саламат болсын.
