Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО әділет органдары жаңа цифрлық стандарттарға көшуде

СҚО әділет органдары жаңа цифрлық стандарттарға көшуде

August 3, 2026 15:40

Солтүстік Қазақстан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әділет органдары қызметіне қатысты заңнамадағы негізгі өзгерістер таныстырылды. Жүргізіліп жатқан реформалар, цифрлық сервистерді дамыту және азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктері туралы СҚО Әділет департаментінің басшысы Естай Рашқалиев баяндады, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Оның айтуынша, әділет жүйесін жаңғырту мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, құқықтық тетіктерді жетілдіруге және заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған.

«Әділет органдары ауқымды жаңғырту кезеңінен өтуде. Реформалардың басты мақсаты – заңдылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғауды күшейту, сондай-ақ қолайлы цифрлық құқықтық ортаны қалыптастыру. Барлық жұмыс Мемлекет басшысының «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы мен Digital Justice цифрлық трансформация бағдарламасы аясында жүргізілуде», – деді Естай Рашқалиев.

Негізгі бағыттардың бірі – атқарушылық іс жүргізу жүйесін жетілдіру. Енді өндіріп алушылар мен борышкерлер электрондық кабинет арқылы атқарушылық іс жүргізудің барысын бақылап, хабарламалар алып, сот орындаушысымен онлайн режимде байланыса алады. Сонымен қатар атқарушылық құжаттар жеке сот орындаушылары арасында автоматты түрде бөлінеді. Бұл субъективті көзқарасты болдырмай, жүктемені тең бөлуге және жүйенің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Алимент өндіру тәртібіне де елеулі өзгерістер енгізілді. 2026 жылғы 25 тамыздан бастап атқарушылық құжаттар бойынша өндірілген қаражат тек алимент алуға арналған арнайы банктік шоттарға ғана аударылады. Ол үшін өндіріп алушы алдын ала сот орындаушысына осы шоттың деректемелерін ұсынуы қажет.

«Бұл өзгерістердің басты мақсаты – балалар мен еңбекке қабілетсіз азаматтарды асырауға арналған қаражаттың сақталуын қамтамасыз ету және атқарушылық іс жүргізудің ашықтығын арттыру», – деп атап өтті департамент басшысы.

Сондай-ақ «Робот – сот орындаушысы» жобасы да дамытылып келеді. Автоматтандырылған жүйе әкімшілік айыппұлдардың жекелеген санаттары бойынша жеке сот орындаушысының қатысуынсыз атқарушылық іс жүргізуді өздігінен қозғайды. Сонымен қатар жеңілдетілген тәртіппен өндіріп алу шегі 20 айлық есептік көрсеткіштен 40 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды.

Өзгерістер нотариат қызметіне де қатысты. Нотариустардың кәсіби даярлығына қойылатын талаптар күшейтіліп, тағылымдамадан өту тәртібі жетілдірілді. Нотариат палаталары мен тәртіптік органдар басшыларының өкілеттік мерзіміне шектеулер енгізілді. Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе жетілдіріліп, электрондық сервистер кеңейтілуде және атқарушылық жазбаларды автоматты түрде бөлу тетіктері енгізілуде.

Маңызды бағыттардың бірі – адвокаттық қызмет пен заң көмегі жүйесін жаңғырту. Адвокатура институты жаңа Конституцияда бекітілгеннен кейін осы саладағы заңнама одан әрі жетілдірілуде. Сонымен қатар мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесінің ашықтығы артып келеді.

Ауыл тұрғындары үшін құқықтық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Солтүстік Қазақстан облысының барлық ауылдық округтерінде «Құқық кабинеттері» ашылған. Мұнда тұрғындар заңгерлік кеңес алып, «Әділет», «Заң», eGov порталы және e-Otinish жүйесі сияқты мемлекеттік электрондық сервистерді пайдалана алады.

Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Зияткерлік меншік объектілерін тіркеу тетіктері жетілдіріліп, өтінімдерді электронды түрде беру сервистері дамытылуда. Сонымен қатар контрафактілік өнімдердің таралуына және тауар белгілерін заңсыз пайдалануға қарсы күрес күшейтілуде.

Shares