СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавлдағы стратегиялық маңызы бар нысандардың құрылыс барысын тексерді

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл қаласында салынып жатқан бірқатар нысанды аралап, ірі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. Жұмыс сапары барысында болашақ көпбейінді облыстық аурухана, энергетикалық нысан, жаңа өнеркәсіп кәсіпорындары мен өндірістік алаңдардың құрылысына ерекше назар аударылды. Бұл жобалар алдағы жылдары өңір экономикасының негізгі даму нүктелерінің біріне айналмақ, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Жұмыс сапарының басты нысандарының бірі – құрылысы жүріп жатқан көпбейінді облыстық аурухана болды. Жалпы аумағы 92 мың шаршы метрден асатын жаңа медициналық кешен Солтүстік Қазақстан облысындағы ең ірі денсаулық сақтау нысандарының бірі болады. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында қасбетті әрлеу және ішкі жұмыстар қатар жүргізілуде. Мамандар инженерлік желілерді, желдету және электрмен жабдықтау жүйелерін орнатып, терезелерді монтаждап, ішкі әрлеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, құрылыс бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде және нысан қажетті құрылыс материалдарымен толық қамтамасыз етілген.
«Біз құрылыс материалдарын, әсіресе басқа өңірлерден жеткізілетіндерін алдын ала сатып аламыз. Бұл жұмыстың кідіріссіз жүруіне және құрылыс қарқынын тұрақты сақтауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта ешқандай мәселе жоқ», – деді құрылыс компаниясының өкілі.
Қазіргі таңда нысанда күн сайын шамамен 250 маман еңбек етуде. Ғимараттың қасбеті мен әйнектеу жұмыстарын қараша айына дейін аяқтау, ал аурухананы толық пайдалануға 2027 жылдың қыркүйегінде беру жоспарланып отыр. Өңір басшысы құрылыс қарқынын бәсеңдетпеуді және қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуын тапсырды.
Жұмыс сапарының келесі нысаны – құны 4,4 миллиард теңгені құрайтын жаңа электр қосалқы станциясы болды. Құрылыс аяқталғаннан кейін бұл нысан болашақ облыстық аурухананы, «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағын және оған жақын аумақтарды сенімді электр қуатымен қамтамасыз етеді.
Мердігерлердің мәліметінше, жалпы құны 2,3 миллиард теңгенің негізгі жабдықтары орнатылған. Екі күштік трансформатор, кешенді тарату құрылғысы, ток өткізгіш жүйесі және ұзындығы 350 метр болатын екі тізбекті әуе электр желісі салынған. Нысан құрылысы жыл соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланып отыр.
Облыс әкімі жұмыс сапары барысында «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан «Бейкертон» ЖШС инвестициялық жобасымен де танысты. Компания ұзақ сақталатын нан-тоқаш өнімдерін өндіретін заманауи зауыт салып жатыр. Кәсіпорын толық қуатына шыққан кезде мұнда 378 тұрақты жұмыс орны ашылып, инвестиция көлемі 37 миллиард теңгені құрайды.
«Негізгі өндірістік корпустан бөлек, бақылау-өткізу пункті, трансформаторлық қосалқы станция, су тарту торабы және тазарту құрылыстары салынып жатыр. Өндіріс екі технологиялық желіде жұмыс істейді. Қазір бірінші желіні іске қосуға дайындалып жатырмыз, ал екіншісін шамамен 2029 жылы пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз», – деді инвестор өкілі.
Кәсіпорын құрылысы аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Инженерлік коммуникациялар толық қосылып, қойма ғимараттары дайындалған. Тамыз айының соңына дейін құрылыс жұмыстары толық аяқталып, одан кейін іске қосу және реттеу кезеңі басталады.
Жұмыс сапары «Қазкран» ЖШС машина жасау зауытын аралаумен аяқталды. Кәсіпорын көпірлі және порталдық крандарды толық өндірістік цикл бойынша шығаратын зауыт ретінде іске қосылады. Мұнда жобалаудан бастап металл конструкцияларын дайындау, дайын өнімді сынақтан өткізу және сырлау жұмыстарына дейінгі барлық өндірістік кезең жүзеге асырылады. Өндірістік ғимараттардың жалпы аумағы 13 мың шаршы метрден асады.
Аталған жобалардың жүзеге асуы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инженерлік инфрақұрылымның сенімділігін күшейтуге және тұрғындарды заманауи денсаулық сақтау нысандарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
