СҚО әкімі Мемлекеттік кірістер департаментінің жаңа басшысын таныстырды
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі СҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің жаңа басшысын ұжымға және жұртшылыққа таныстырды. Бұл қызметке Жақанов Аманжол Жомартұлы тағайындалды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің бұйрығымен Жақанов Аманжол Жомартұлы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болып тағайындалды. Аманжол Жомартұлы 1974 жылы туған, Қостанай облысының тумасы.
Ол екі жоғары білімге ие: 1995 жылы Қостанай ауыл шаруашылығы институтын «АӨК салаларындағы экономика және басқару» мамандығы бойынша, ал 2000 жылы Қазіргі заманғы гуманитарлық университетті «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Мемлекеттік кірістер саласының жаңа басшысы бұл жүйеде мол тәжірибе жинаған. Әр жылдары Қостанай облысы бойынша Салық комитетінің бөлім және басқарма бастығы, Салық департаменті басшысының орынбасары қызметтерін атқарған, сондай-ақ Батыс Қазақстан және Қостанай облыстары бойынша Мемлекеттік кірістер департаменттерін басқарған.
СҚО-дағы жаңа қызметіне дейін Аманжол Жақанов Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментін басқарып келген.