Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО әкімі жоспарланған жобаларды уақытылы жүзеге асыру үшін мердігерлерге бақылауды күшейтуді тапсырды

СҚО әкімі жоспарланған жобаларды уақытылы жүзеге асыру үшін мердігерлерге бақылауды күшейтуді тапсырды

April 29, 2026 09:35

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің отырысында 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі мәселелері, сондай-ақ жол саласының жай-күйі мен өрт қаупі жоғары кезеңдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары қаралды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Алғашқы үш айдың қорытындысы бойынша облыста оң динамика байқалады. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 125 пайызды құрап, экономиканың бірқатар базалық салаларында жоғары өсім қарқынын көрсетті. Жалпы нәтижеге өнеркәсіп саласы айтарлықтай үлес қосып, өсім 36,8 пайызға жетті. Өңдеу өнеркәсібі – 39,8 пайыз, сауда – 20,8 пайыз, көлік саласы – 17,4 пайыз өсім көрсетті.
Отырыс барысында қол жеткізілген көрсеткіштер алдағы даму үшін берік негіз қалыптастыратыны атап өтілді. Дегенмен, өңірдің экономикалық әлеуетін одан әрі нығайту үшін жүйелі жұмыс қажет екені айтылды. Облыс әкімі инвестиция тарту жұмыстарын жандандыруға, сондай-ақ іске асырылып жатқан жобалардың тиімділігін арттыруға баса назар аударды.

Жол инфрақұрылымын дамыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Жиында соңғы үш жылда бұл мақсаттарға 132,2 миллиард теңге бөлініп, 1,6 мың шақырым жол жөнделгені айтылды.
Биыл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен көше-жол желісінің шамамен 300 шақырымы түрлі жөндеу жұмыстарымен қамтылмақ. Өңір басшысы мердігер ұйымдарға бақылауды күшейтуді, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын қамтамасыз етуді және барлық жоспарланған жобалардың уақытылы орындалуын тапсырды.

Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе – өрт қаупі жоғары кезең болды. Отырысқа қатысушылар ықтимал өрттердің алдын алу және оларды жою бойынша жауапты қызметтердің дайындығын талқылады. Уәкілетті органдардың профилактикалық шараларды жүргізу, жағдайды тұрақты бақылау және қауіп-қатерлерге жедел әрекет ету бойынша жауапкершілігі атап өтілді.

Отырыс қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі ілгерілетуге, инфрақұрылымды жаңғыртуға және халық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған басым міндеттер айқындалды.

Shares